ӘКЕГЕ ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, мектептерде сәтті жүзеге асып жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында отбасы институтын нығайту, жанұядағы әке рөлінің маңызын көрсету бүгінгі қоғам өмірінде ерекше орын алады. Осыған орай, 2025 жылдың 15 ақпан күні Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде әкелер арасында «Әке TIME» спорт марафоны өтті. Оған елордалық 4 білім беру мекемесі, атап айтқанда, Көктал тұрғын алабындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицей, №41 орта мектеп, Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназия мен «New Level School» жекеменшік мектебінің әкелері қатысты. Отбасы құндылығын дәріптеп, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтқан көңілді жарыстың ашылу салтанаты рухты әнмен басталып, екі кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде бір-бір шаңырақтың тірегі боп жүрген асқар таудай әкелер эстафета жарысында бақ сынаса, екінші кезеңде волейбол ойнады. Тартысты өткен сайыс қорытындысында эстафета бойынша І орынды – «Жігер» командасы (№40 мектеп-лицей), ІІ орынды – «Жеңіс» командасы (№41 орта мектеп), ІІІ орынды – «Арлан» командасы (№68 мектеп-гимназия), ал ІV орынды «Найза» әкелер командасы («New Level School») жеңіп алды. Ұшпа доп бәсекесінде әкелер орындарды өзара былайша бөлісті: І орын – «Найза», ІІ орын – «Арлан», ІІІ орын – «Жігер», ІV орын – «Жеңіс» командалары. Салауатты өмір салтын ұстанатын әкелерімізді марапаттап, дипломдарды табыстаған – республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі Астана қаласы филиалының төрағасы Бекдайыр Нығметұлы. Төраға өз сөзінде мұндай іс-шаралардың мән-маңызына тоқтала келе, қоғам үшін әрдайым үлес қосып, артымыздан өсіп келе жатқан ұлдарымызға үлгі болайық деген тілегін де жеткізді.