АТАНЫҢ АҚ БАТАСЫ
2025 жылдың 20 қаңтар күні Әлкей Марғұлан атындағы #40 мектеп-лицейінде “Ата” мектебі аясында Талапкер ауылының құрметті азаматы, ауылдың өркендеуіне өз еңбегін сіңірген Сабыр Малғаздарұлымен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты санаулы айлардан кейін мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы отырған түлектерімізге алдағы сынақтарынан сүрінбей өтуге ниет етіп ақсақалдың ақ батасын алу болды. Кездесуде Сабыр Малғаздарұлы оқушыларға өз заманында оқу білім алуға мүмкіндік болмағанын, еңбекке ерте араласып, жастық шағын еңбек етумен өткізген қиын шақтарын еске түсірді. Сондай-ақ өз сөзінде бүгінгі таңда жастар үшін барлық жағдай жасалғанын айтып, бос уақыттарын алаңсыз тек білім алуға арнау керек деп аталық кеңесін берді. Сабыр атай сөз соңында 11 сынып оқушыларына бүгіннен бастау алатын ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, ата-аналарының, мектептің абыройын әрқашан биік ұстаңдар, елдің қамын ойлайтын мықты азамат болыңдар, алдарыңа биік мақсаттар қойып, армандаған мамандық иесі болыңдар деп ақ батасын берді. Кездесу соңында мектеп директоры Уйсимбаева Сауле Амангелдіқызы атамызға мектеп атынан арнайы әзірлеген алғыс хатын табыстап, өз ризашылығын білдірді.
Атамыздың ақ батасы қабыл болсын!