РУХ ПЕН НАМЫС – ЕГІЗ
2024 жылдың 13 қараша күні Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектеп-лицейі мен «Руханият» орталығы тағылымды жүздесуді бірлесе ұйымдастырды. Адал ұрпақ қалыптастыру және «Тіл құбылысының ұлттық мазмұны мен мемлекеттік мәртебесі» тақырыбында өткен іс-шараға белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы арнайы қатысып, 9-10-сынып оқушыларымен емен-жарқын әңгіме-сұхбат құрды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» деп еді. Осы ретте, Президентіміздің бұл ойын қолдаған Оразкүл Асанғазықызы қазақ тілінің келешегіне алаңдап, жас ұрпақтың ана тілін жетік білуіне, ұлттың уызына қанып өсуіне жанашырлық танытты. Шалкиіз Тіленшіұлының «Жүк тиесең – кетерсің, ниет етсең – жетерсің» деген нақыл сөзі бар. Расында, бүгінгі дамыған қоғамда мемлекеттік тілді еркін меңгеруге талпыныс жасаған әр адамға, ниет білдірген жандарға бар мүмкіндік қарастырылған. Бастысы, оған уақыт тауып, шынайы ықыласпен кірісу керек дейді спикер жастарға қарата сөйлеп. Қазақ тілінде білім беретін қасиетті білім ордасына табан тіреген тіл жанашыры әр оқушы, ең алдымен, жеке тұлға екеніне екпін түсіріп, келешекте олардың арасынан Әлкей Марғұландай археолог, Мұхтар Әуезов сияқты драматург шығатынына зор сенім білдірді. Ол үшін бойда қуат, жалын, күш барда көп оқып, көп іздену қажет. Спикердің ойынша, рухымыз бен мәдениетіміз жоғары, ниетіміз таза, ісіміз адал болса, ұлтқа да қамқор бола білеміз, отбасымызға да жанашырлық танытамыз.
