Skip to content

«БАЛАҒА АҚЫЛ-КЕҢЕСІҢДІ ЖЫЛЫ ЖҮРЕКПЕН ЖЕТКІЗУ» АТТЫ ЖАЛПЫ АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ 2025…

«БАЛАҒА АҚЫЛ-КЕҢЕСІҢДІ ЖЫЛЫ ЖҮРЕКПЕН ЖЕТКІЗУ» АТТЫ ЖАЛПЫ АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ

2025 жылдың 8 қараша күні Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде «Балаға ақыл-кеңесіңді жылы жүрекпен жеткізу» тақырыбында пән мұғалімдерінің ата-аналармен жеке әңгімелесу, бетпе-бет жүздесу форматында жалпы ата-аналар жиналысы өткізілді. Ата-аналарды жылы ықыласпен фотоға түсу әдісі арқылы қарсы алған ұстаздарымыздың әрекеті ұрпақ тәрбиесіне ортақ жауапкершілікті біріктірген әдемі естелікті көрсетіп, әр ата-анаға мотивациялық сөздер жазылған арнайы ашық хаттар табысталуы, жүрекке ізгі әсер қалдырды. Кездесудің келесі бөлімінде Астана қаласының колледж өкілдері қатысқан, түрлі оқу бағыттары мен мүмкіндіктерін таныстырған мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Бұл көрме ата-аналарға колледждер жайлы нақты мәлімет пен кәсіби бағдар беріп, балаларының болашақ мамандығын таңдауда дұрыс бағыт бағдар беруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар оқушылар шығармашылығынан құралған көрме назарға ұсынылып, ата-аналар балалар еңбегіне риясыз сүйсініспен қарады.
Жиналыстың басты мақсаты – баламен жылы қарым-қатынас орнатып, әр ата-ананың тәрбиедегі рөлін жүрекпен сезіндіру болды. Шара рухани жақындық пен өзара сыйластыққа негізделіп, мазмұны тәрбиелік мәні зор жүздесуге ұласты. Жиналыс барысында ата-аналар пән мұғалімдерімен жеке жүздесіп, өз балаларының оқу жетістіктері мен мінез-құлық ерекшеліктері жайлы жан-жақты ақпарат алды. Бұл сәт ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді арттырып, баланың дамуына бірлесе бағыт берудің тиімді алаңына айналды. Кездесудің соңында ұстаздар мен ата-аналар баланың болашағы үшін ортақ мақсатта күш біріктіріп, өзара қолдау мен ынтымақтастықта жұмыс істей берсе, нәтижесінде білімді де тәрбиелі, елінің үмітін ақтар, адал, мықты азамат қалыптасатынына сеніміміз мол.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *