Skip to content

МЕКТЕБІМ МЕНІҢ – ТҰҒЫРЫМ Біз үшін қасиетті қара шаңырақ –…

МЕКТЕБІМ МЕНІҢ – ТҰҒЫРЫМ

Біз үшін қасиетті қара шаңырақ – Әлкей Марғұлан мектебі – жақсылықты үлгі еткен даналар мекені. Жайдарлы жаздың үш айын мәнді де сәнді өткізіп, сағынышпен алтын ұямызға оралған шәкірттеріміз бен мектеп табалдырығын енді аттап отырған балдырғандарымызбен жаңа 2024-2025 оқу жылын бастап отырмыз. Ерекше атап өтерлігі, кезекті оқу жылы Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы, XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы, ұлы қазақ ойшылы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен есте қалады.
Білім саласы қызметкерлерінің басын қосқан дәстүрлі Тамыз конференциясы биыл «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өрбіді. Республикалық маңызға ие ауқымды іс-шарада еліміздің Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев оқушылардың заманға сай білім алуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын ерекше атап өтті. Сондықтан шәкірттеріміз заманауи оқу кабинеттерімен, білім беру бағдарламасымен толық қамтамасыз етілді.
Білім күні мерекесіне арналған салтанатты жиынымызға ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Шолпан Амангелдіқызы, ҚР Ішкі істер министрлігі Ақпараттық саясат департаментінің басқарма бастығы, полиция майоры Бауыржан Айтбайұлы, Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының әдіскері Ерғазы Манапұлы арнайы келіп қатысып, жас шәкірттерге білім алу жолында қажымас қайрат, зор талап пен сәттілік тіледі. Мектеп табалдырығын енді аттаған балдырғандар өлең оқыса, бір топ оқушылар «Ұстазым» әнін шырқады. Ал Әміржан Мамыржан «Сыңғырла, қоңырау, сыңғырла» әнін орындап жатқанда, 1-сынып пен 11-сынып оқушылары алғашқы қоңырау соқты. Салтанатты жиын соңы, әдеттегідей, мектебіміздің гимні – «Марғұлан маршымен» түйінделді. Бұдан кейін оқушылар үшін мұғалімдер әр кабинетте арнайы бірыңғай сынып сағатын өткізіп, ата-аналар үшін жаңа оқу жылының ережелерін түсіндірді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *