МАРҒҰЛАН МҰРАСЫ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ
Биыл – азды-көпті ғұмырында қазақтың кең даласын зерттеген, тау-тасына үңіліп, ғылыми дерек-дәйек жинаған ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның 120 жылдығы. Сондықтан «қазақ археологиясының атасы» мерейтойын қалалық, республикалық деңгейде атап өту – басты мұрат.
Биыл ұлт перзентінің есімін ардақтау, айтулы мерейтойын жоғары дәрежеде ескеру мақсатында мектебімізде сәуірдің 20-сы күні «Әлкей Марғұлан мұрасы – ұлттың рухани байлығы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды. Ел-елден, жер-жерден жиылған білікті педагогтар, білім іздеген жастар мен айтары бар ғалымдар өзара бас қосты. Меймандар қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Зейнолла Самашұлы, тарих ғылымдарының докторы Жарас Ақышұлы, Астана қаласы Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Дидар Дулатұлы, Қостанай облысы Арқалық қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы мектеп-гимназиядан келген Меруерт Сұңғатқызы және т. б. бар.
Ауқымды іс-шараны бастап берген мектебіміздің директоры Сәуле Амангелдіқызы «қазақ халқының этнографиясын, тарихын терең зерттеп, құнды мұра қалдырған Әлкей Марғұлан есімі уақыт өткен сайын жас ұрпақ, келер толқын жадында жаңғыра береді» десе, Астана қаласы Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Дидар Дулатұлы «Республикалық конференцияны өткізуге Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейі толыққанды құзыры бар деді.
Неге десеңіз, талай жыл мектеп директоры болған марқұм Ербол Іргебайұлы ағамыз білім саласына өзіндік үлесін қосып қана қоймай, бір кездері елордадан тысқары жатқан осы білім ошағына ғұлама есімінің берілуіне бір кісідей үлес қосып еді. Ал Әлкей Марғұланның сара жолын насихаттауы – өз алдына үлкен еңбек» деді.
Конференция 2 бағыттан тұрды. Оның бірі – пленарлық, ал екіншісі – секциялық. Секция жұмысының өзі 4 негізгі бағытқа бөлінді, атап айтқанда: «Әлкей Марғұлан және тарихи мұра»; «Әлкей Марғұлан және қазақ әдебиеті»; «Шоқан мұрасы – дәуір шежіресі»; «Әлкей Марғұлан тағылымы – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі».
#әлкеймарғұланмектебі
#әлкеймарғұлан120жыл
@bilimastana
@astana_adistemelik_ortalyq
@k.sengazyyev_official
@d_syndar