ХАЛҚЫНЫҢ АРДАҚТЫ ҰЛЫ – СӘКЕН СЕРІ
Бүгін 2024 жылдың 1 ақпан күні Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп – лицейі кітапханасында жазушының шығармашылығына арналған «Халқының ардақты ұлы – Сәкен сері» тақырыбында ақпарат сағаты өткізілді. Белгілі қазақ жазушысы Сәкен Жүнісов жан-жақты, парасатты, өнердің әрбір саласынан өзін танытқан тұлға. Асқан таланты үшін қазақ зиялылары оны Сәкен сері деп атаған. Сәкен сері, карикатуралар салған, домбыра, пианино, мандолин аспаптарында ойнап, ән айтқан. Сонымен қоса ол қазақша күрес сайыстарына қатысқан. Шығармашылығын өлең жазудан бастап, прозамен жалғастырып, 117 пьеса жазған. Жазушының ең танымал шығармасы – «Ақан сері» дилогиясы. Романда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы көшпенді қазақтың әлеуметтік өмірінің жарқын көріністері, тұрмысы мен әдет-ғұрпы суреттелген. «Аманай мен Заманай» шығармасында 1930-шы жылдардың дүрбелеңіне тап келген қазақ ауылдарының тағдыры оқиға етіп алынған. Оқиға ұжымдастыру кезінде жат жерге қоныс аударған қазақ ауылының жүдеу тіршілігінен бастау алып, шегіністер арқылы суреттелген. Шара барысында оқушыларға жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы жайында ақпарат беріп, замандастарының естеліктері туралы видеофильм көрсетілді. Жазушының шығармалары қойылған кітап көрмесіне шолу жасалды.