ҰСТАЗ – ӨМІР ШАМШЫРАҒЫ
2023 жылдың 5 қазан күні, Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектеп-лицейінің шәкірттері ардақты ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, ән-жырдан шашу шашып, өнер көрсетті.
Алтын күзде, қазан айының басына дөп келетін бұл мейрамды бәріміз де асыға күттік. Бүгін сол қуаныш мерекелік «Ұстаз – өмір шамшырағы» атты концертке ұласып, шәкірт жүрегінен орын алған ұстаздардың риясыз көңілімен жалғасты. Концерттің басында оқушылар Ыбырай Алтынсариннің өз заманында жазған хаттарынан үзінді оқыса, «Самұрық» би ансамблі «Әлқисса» күйіне мың бұрала билеп, бастауыш сынып оқушылары өлең оқып, мектеп хоры «Ұстазым» әнін шырқады. Оқушылардың ұстаз туралы қойылымдары сомдалып, талантты оқушыларымыздың «Науаи-Шарк» шығыс әуені домбырада орындалды. Сондай-ақ мектебіміздің ұстазы Қайнар Қатпайдың орындауында ән шырқалып, мың бұралған бишілеріміз өзбек биін биледі. Концерт барысында мектеп директоры Уйсимбаева Сәуле Амангелдіқызы қымбатты әріптестерін мерекемен құттықтай отырып, еңбекте табыс пен береке тіледі. Еңселі еңбегі еленген бірқатар ұстаздарды алғыс хат, құттықтау хатпен марапаттады. Думанды кештің соңы 11 сынып оқушыларының орындауында «Ұстазым» әнімен өз мәресіне жетті.
Адал да қиын, жауапты да шығармашыл еңбегіңіздің арқасында мыңдаған қазақ баласы өмірден орнын тапты, аяулы ұстаздар қауымы! Жасай беріңіздер! Білімнің алтын кілті сіздердің қолыңызда!