СЫҢҒЫРЛА КҮМІС ҚОҢЫРАУ
2023 жылдың 01 маусым күні Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектеп-лицейінде 11 сынып оқушыларына арналған соңғы қоңырау салтанатты жиыны болып өтті. Биылғы оқу жылы мектеп түлектері үшін ерекше мерекелік жағдайда аяқталып отыр, биыл «күміс қоңырау» салтанаты 01 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келіп тұр. Сонымен бірге биыл еңселі елордамыз – Астана қаласына 25 жыл толып отыр.
Осындай мерейлі мерейтойлар аясында мектебіміздің оқушылары қалалық, республикалық білім, өнер сайыстарында алдыңғылар қатарынан көрінуі №40 мектеп-лицейі үшін зор мақтаныш, абырой болды. Марғұландай біртуар ғалымның өмірі мен шығармашылық қызметі – біз үшін үлгі-өнеге. Сондықтан балалар дара тұлғаның «…Уақытты босқа өткізбей көп оқып, іздену керек» деген сөзін үнемі естен шығармай, білім алу жолында талаптанып келеді. Демек, ғалымның қалдырған мол мұрасын зерделеу, оны оқып-білу – бізге парыз!
Мектеп директоры Базыл Жанкелді Сағынтайұлы барша жас түлектерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге алдағы ҰБТ-ны жақсы тапсырып, үлкен өмірге басқан қадамдарына сәттілік тілеп, дәстүрлі шараларының бірі Әлкей Марғұлан сыйлығының иегерлерін марапаттады. Мектебімізде дәстүрге айналған Марғұлан сыйлығы он сегіз жыл бойы жалғасын тауып келеді. «Әлкей Марғұлан атындағы сыйлық» 1-4, 5-8, 9-11 сыныптар арасында білімімен, өнерімен, спорттағы жетістігімен ерекше көзге түскен оқушыларға табысталады. Сыйлық 7 номинация бойынша беріледі. Олар: "Үздік оқушы", "Өнерпаздар мен өнертапқыштар", "Парасатты, мәдениетті оқушы", "Жыл спортшысы", "Жас оқырман", "Зерделі оқушы" және "Сегіз қырлы, бір сырлы". 1-4 сыныптар арасында « Үздік оқушы» номинациясын 4 «Б» сынып оқушысы Асубаева Дильназ, «Жас ізденімпаз» номинациясын 4 «Г» сынып оқушысы Арғынбай Нұржалғас, «Жас өнерпаз» номинациясын 4 «Ж» сынып оқушысы Мұхтар Назерке, иеленді. 5-8 сыныптар арасында «Жас оқырман» номинациясын 5 «Ж» сынып оқушысы Жылқыбай Назым , «Жыл спортшысы» номинациясын 8 «Г» сынып оқушысы Сүлеймен Ақниет, «Өнерпаздар мен өнертапқыштар» номинациясын 8 «Ж» сынып оқушысы Бөрібай Зере, «Үздік оқушы» номинациясын 7 «Ж» сынып оқушысы Абдужалил Асылай иеленді.