«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы».
Ғасырлар алмасар, адамзат жаңа нәрселерді игерер, кішкентай балалар ер жетер, бірақ бір нәрсе өзгермесі анық. Ол – Жер бетінде адам баласын оқыту, ұстаз болу. Ұстаз болу үшін де ерлік керек, қырағы болу қажет, сана әр кез ояу, көкірек көзі ашық болса игі.
Қазан айы туғанда, ерекше бір мейрам бар. Оны оқушы да асыға күтеді, мұғалім де мерейленеді. Ол – Ұстаздар күні! Бұл күні мектепте еркін форматта сабақ өткізу рұқсат етілген. Осылайша өзін-өзі басқару аясында Марғұлан мектебінің оқушылары бір күнге – мұғалім, ал мұғалімдер бір күнге оқушы атанды. Балалар ұстаздық етудің оңай емес екенін ұғынса, мұғалімдер өткен шаққа бір сапарлап келгендей әсер алды. Бір оқушы қатпар-қатпар тарих бетін ашып, өткен ғасырларға сапар шексе, бір оқушы күрделі теңдеуі, прогрессиясы мен тригонометриясы бар математика әлеміне бет алды. Бірі мұратым – ұлтыма қызмет ету деп, тіл мен әдебиеттен сабақ беріп, болашақта Жаңа Қазақстанның туған тілін, салт-дәстүрін келер ұрпаққа жеткізу үшін мықты ұстаз болсам деген арманымен бөлісті.
«Өзін-өзі басқару аясында біз, оқушылар, ұстаздық ету, шәкірт тәрбиелеу оңай емес екенін түсіндік. Бұл мамандықты шын қалап келмесең, қалғаны бекер екен. Істеп жатқан ісіңе көңілім толсын десең, өзгелер тамсансын десең, ең бастысы, қиындығы да мол, қызығы да жетерлік мұғалім деген мамандыққа адал болу қажет. Сонымен бірге ұстаз бойында шыдамдылық пен парасат, ақыл мен өнеге табылса, нағыз шыңға жеткізер сол болмақ. Бір байқағанымыз, ұстаздарға артылар жауапкершілік те жоғары. Сол сенімнен шығу үшін олар тыным таппастан ізденеді, өзара пікір алмасады, әсіресе мынадай қауырт заманда. Бұл дүниеге қайта келсек те, ұстаз деген ұлы аттың қадіріне жетер ме едік, жетпес пе едік, кім білсін?..» деген оймен бөлісті біздің оқушылар. Бұл олардың ұстаз болып көріп, бір күнде байқағаны ғана. Әлі де бұл мамандық су түбінде жатқан асыл тастай көп құпияға, сырға тұнып тұр. Бірақ жел толқытса, ішінен дария ақыл-ой, терең білім, кемеңгерлік шыға бермек.
#rumcdo #bilimastana #астанадублеркүні