СЫҢҒЫРЛА КҮМІС ҚОҢЫРАУ
2022 жылдың 25 мамыр күні Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектеп-лицейінде 11 сынып оқушыларына арналған соңғы қоңырау салтанатты жиыны болып өтті. Биылғы оқу жылы мектеп түлектері үшін ерекше мерекелік жағдайда аяқталып отыр, өйткені білім ордасы есімін иеленіп отырған ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның туғанына 118 жыл толса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп бекітті. Осындай мерейлі мерейтойлар аясында мектебіміздің оқушылары қалалық, республикалық білім, өнер сайыстарында алдыңғылар қатарынан көрінуі №40 мектеп-лицейі үшін зор мақтаныш, абырой болды. Марғұландай біртуар ғалымның өмірі мен шығармашылық қызметі – біз үшін үлгі-өнеге. Сондықтан балалар дара тұлғаның «…Уақытты босқа өткізбей көп оқып, іздену керек» деген сөзін үнемі естен шығармай, білім алу жолында талаптанып келеді. Демек, ғалымның қалдырған мол мұрасын зерделеу, оны оқып-білу – бізге парыз!
Мектеп директоры Базыл Женкелді Сағынтайұлы барша жас түлектерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге алдағы ҰБТ-ны жақсы тапсырып, үлкен өмірге басқан қадамдарына сәттілік тілеп, дәстүрлі шараларының бірі Әлкей Марғұлан сыйлығының иегерлерін марапаттады. Мектебімізде дәстүрге айналған Марғұлан сыйлығы он жеті жыл бойы жалғасын тауып келеді. «Әлкей Марғұлан атындағы сыйлық» 1-4, 5-8, 9-11 сыныптар арасында білімімен, өнерімен, спорттағы жетістігімен ерекше көзге түскен оқушыларға табысталады. Сыйлық 7 номинация бойынша беріледі. Олар: "Үздік оқушы", "Өнерпаздар мен өнертапқыштар", "Парасатты, мәдениетті оқушы", "Жыл спортшысы", "Жас өнерпаз", "Жас оқырман", "Зерделі оқушы" және "Сегіз қырлы, бір сырлы". 1-4 сыныптар арасында « Үздік оқушы» номинациясын 4 «В» сынып оқушысы Жылқыбай Назым, «Жас ізденімпаз» номинациясын 4 «Б» сынып оқушысы Талдыбай Әділжан «Жас өнерпаз» номинациясын 4 «В» сынып оқушысы Болат Ақмарал, иеленді. 5-8 сыныптар арасында «Жас оқырман» номинациясын 5 «Б» сынып оқушысы Сабыр Ерсұлтан , «Жыл спортшысы» номинациясын 8 «Б» сынып оқушысы Рақымжан Ернар, «Өнерпаздар мен өнертапқыштар» номинациясын 7 «Ж» сынып оқушысы Жеңіс Балнұр, «Үздік оқушы» номинациясын 8 «А» сынып оқушысы Төлеубаева Айым иеленді.