АНАЛАР – ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫ
2022 жылдың 07 наурыз күні 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп лицейі оқушыларының мерекелік концерті өтті. Мерекелік кеш шымылдығы ер балалардың аяулы ды асыл аналарға арналған өлең жолдарымен бастау алып, ер балалардың орындауында «мама» әні орындалды. Сондай-ақ ер балалар кешке жиналған нәзік жандыларға құшақтары толы гүл сыйлады. Бағдарламада бастауыш сынып оқушыларының мерекеге орай ұйымдастырылған сұрақ-жауаптарымен өлеңдері айтылған бейнеролик ұсынылды. Аяулы аналарымыз бен қырмызы қыздарымыздың құрметіне ер балалардың орындауында «Ана-Ұстаз» әні орындалды. Сондай-ақ «Самырұқ» би ансамблі мың бұралған билерімен қуантты. Содан соң мектеп директоры Жанкелді Сағынтайұлы салтанатты түрде әйелдер қауымын көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.
Мектеп директоры: «Сіздерді шұғыласымен жер дүниені көмкерген әлемдегі ең керемет мейрам – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әйел – бұл мереке, Әйел – бұл көктемде бүр жаратын бәйшешек гүлі тәрізді ерекше әдемі жаратылыс. Арулар асыл жандар! Осы бір ерекше мереке тек әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мызғымас алтын діңгегі тәрізді. Дәл осы күні жер жүзінде қанша әйел болса сонша ізгілік пен нұр құйылатын шұғылалы күн. Ендеше бұл күн – отбасы берекесінің ұйытқысы болып отырған біздің аналарымыз, жарымыз, әпкелеріміз бен қыздарымызға жарқын көңіл мен жақсылық тілейтін күн»,-деді. Шара соңында Жәрдембек Досмұхаметтің орындауында Ескендір Хасанғалиевтің «Анаға сәлем» әнімен тәмамдалды.