ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК-2025!
2025 жылдың 19 маусым күні Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушылары мектебінен қанат қағып, үлкен өмірге қадам басқалы отырған жас түлектерге орта білім аттестаты салтанатты жағдайда табысталды.
Кеше ғана білім ошағына тарыдай болып кіріп, бүгін таудай болып шыққан шәкірттерге айтар алғысымыз да зор, ұзақ жылдар ішінде берген тәлім-тәрбиеміз де аз болмады деп есептейміз. Сондықтан ерекше жағдайда балаларға білім құжатын табыстаған мектеп басшысы Сауле Амангелдіқызы болашақта ел азаматы болып, Отан жолында қалтқысыз еңбек ететініне зор сенім білдіретінін айтты. Шара барысында барша ата-аналар атынан сөз алған Биғамила Баяхметқызы 11 жыл бойы балаларға білім нәрін құйып, тәлім берген Марғұлан мектебінің ұстаздар қауымына ризашылық білдірді. Салтанатты шара соңы сынып жетекшілерінің аманат тапсыру рәсімімен жалғасты. Жүректе мектепке деген сағыныш, бойда жастық жалындаған аяулы шәкірттер «Марғұлан маршын» орындап, мерекелік кешті түйіндеді. Аталған шарада әр оқушының болмысы мен жетістігі сипатталып, әдемі өлең шумақтармен жалғап ұйымдастырған директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жұлдыз Балғабайқызы.
Қымбатты жас түлектер, ойға алған армандарың сәтімен іске асып, қасиетті қазақ мемлекетінің дамуы, өрлеуі жолында еңбек етулеріңе Әлкей Марғұлан мектебі қашан да тілекші! Самғай беріңдер, талмас қанат заңғарларға жеткізсін!