АЛАШ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ЕҢСЕЛІ ҚАЗАҚСТАН
Кешегі тарихта Алаш зиялыларының ұлт мүддесі үшін аянбай тер төккені, бейбіт күнді аңсап өтіп, тәуелсіз ел болуға деген ұмтылысы жолындағы атқарып кеткен қыруар еңбегінің арқасында жаңа заман орнады. Демек, ХХІ ғасырда тәуелсіз Қазақстан әлемге танылып, көпвекторлы бағытпен өз жолын тауып, небір сынақты ұлт болып ұйысып еңсеріп келеді. Осы тұста айтарлығы, Алаш ардақтылары мемлекетшілдікті, бірлікті алдыңғы орынға қойып, Отанымыздың гүлденгенін, жан-жақты дамығанын қалады. Ал енді олардың жасаған еңбегін ұмытпау, ұлықтау, келер толқынға жеткізу, әруағына бас иіп, өткеннен сабақ алу – жаңа дәуір ұрпағының еншісіне тиген аманат.
Тағылымды кездесу өткізіп, шәкірттерге тарих – ұлы ғылым екенін ұғындыру мақсатында тағылымды басқосу ұйымдастырылды. Шараға қатысқан мейманымыз – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етіп жүрген тарих ғылымдарының кандидаты, доктор, профессор Құрманғали Даркенов. «Тәуелсіздік – Алаш аманаты» деген тақырыппен өткен кездесуде ғалым ағамыз кешегі Алаш ардақтыларының арман-мұраты бүгінде тәуелсіздікпен сабақтас екенін, әсіресе ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының халық мұрасына қосқан үлесі мол болғанын, еуропалық ғалымдар мен тарихшылардың тарапынан ұлттық тарихымызға қатысты лайықты зерттеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Сонымен бірге балалар ғалымға өлең оқып, сауалдарын қойды. Шара соңында 5 «Б» сынып оқушысы Дінмұхаммед Тәтен «Мен қазақпын» әнін орындап, жиналғандардың бойына рух-жігер берді.