ӘЛЕМДІ ТАҢҒАЛДЫРҒАН «ТЕМІР АДАМ»
2023 жылдың 27 қыркүйек күні Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейіне Қазақстанның және әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы, қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қара күш иесі Тимур Спатаев арнайы келіп, оқушылармен емен-жарқын кездесті. Жастардың бойында патриотизмді, спортқа деген сүйіспеншілікті, күш-жігерді арттыруды көздеген шарада біздің балалар қонағымыздың өнеріне қызыға, таңдана отырып, өздерін қызықтырған түрлі сұрақ қойды. Ал қара күш иесі Тимур Спатаев болса балалық шағынан жылы естеліктер айтып, спорт әлеміне қалай келгені, жетістікке жетудің құпиясы неде, жаңа ғасырда жастар үшін ең алдымен білім мен еңбектің маңызы зор екеніне айрықша тоқталды. Айтуынша, туған жерін, ана тілін сүйетін, білімді һәм білекті, еңбекқор һәм патриот азамат ешқашан қор болмайды. Өйткені халық арасында «темір адам» атанып кеткен Тимур мырза кез келген істің басында темірдей тәртіп орнағаны ләзім дейді. Сонда ғана қажетті нәтиже, көздеген мақсатқа жетуге болады.
Кейбір шәкірттеріміз әлемді таңғалдырған спортшыға деген құрметін қылқалам арқылы да жеткізді. Мәселен, түрлі түсті қарындаштың, бояудың көмегімен ақ қағазға спортшының суретін салып, лебізін арнады. Сонымен бірге спорт шебері әр түрлі өлшемдегі шегелерді майыстырып өнер көрсетті, залда жиналған ұл-қыздардың да көмегімен бірнеше қызық номер ұсынды. Осылайша, ер-азаматтар арасында күш-қайратымен көзге түскен Мұрат Алдиярға «мейманымыз қазақтың болашақ дарабозы» деп баға берсе, қыздар арасында дараланған Томириске де ағалық лебізін арнап, Әлкей Марғұлан мектебінде білімді де күшті жастардың шығып жатқанына шын қуанды. Жарқын жүздесу соңында мектеп директоры Сәуле Амангелдіқызы қонаққа алтын уақытын бөліп, арнайы келгені үшін, өнерін жастарға паш еткені үшін алғысын жеткізсе, 6-сынып оқушысы Мұрат Дінмұхамед «Мен қазақпын» әнін шырқап, патриоттық, рухты кешті сәтті түйіндеді.