АРМАНҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР
⚜️Осыдан 11 жыл бұрын Көктал тұрғын алабындағы қазақ мектебінің табалдырығын аттап, балғын балалықтың, жалынды жастықтың куәсі болған шәкірттеріміз бүгін алтын ұясынан үлкен өмірге қанат қақты. Үмітін үкілеп, арманын мәпелеп, өмірдің талай қыс-жазын мектеп қабырғасында білім алып, сабақ оқып өткізген олар ендігі кезекте жоғары оқу орнына түсіп, ел сенім артқан ұрпағының қатарынан табылмақ.
⚜️Мамырдың 25-і күні, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде дәстүрлі түрде соңғы қоңырау салтанатын әйгілейтін «Сыңғырла, күміс қоңырау» атты салтанатты жиын өтті. Кезекті оқу жылы біздің мектебіміз үшін мерекелік жағдайда аяқталып отыр. Өйткені биыл – білім ордасына есімі берілген ғұлама ғалым, қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл.
⚜️Бір атап өтерлігі, жыл бойы білім мәйегіне бойлаған шәкірттеріміздің аудандық, қалалық, республикалық деңгейде өткен сайыстарда алдыңғылар қатарынан көрінуі – №40 мектеп-лицейі үшін зор мақтаныш, үлкен абырой.
Салтанатты іс-шара аясында алғаш болып сөз алған мектеп директоры Сәуле Амангелдіқызы жыл бойы білім саласында атқарылған ауқымды жұмыстарға аз-кем тоқталып, түлектерге ақ жол, алда келе жатқан жауапты сынақ – ұлттық бірыңғай тестілеуде сәттілік тілеп, балаларды осы күнге жеткізген ата-аналар қауымына, үздіксіз оқытқан ұстаз жандарға алғысын білдірді.
⚜️Жыл сайын 1-4, 5-8, 9-11-сыныптар арасында білімімен, өнерімен, спорттағы жетістігімен ерекше көзге түскен оқушыларға Әлкей Марғұлан атындағы арнайы сыйлық беріліп келеді. Бұл дәстүрдің биыл мектебімізде жалғасқанына – 19 жыл. Жоғары сыныптар арасында «Жас оқырман» номинациясын 11-сынып оқушысы Мұхтарұлы Қанағат, «Жыл спортшысы» номинациясын 11-сынып оқушысы Мұрат Алдияр, «Өнерпаздар мен өнертапқыштар» номинациясын 10-сынып оқушысы Рамазан Әліби, «Парасатты, мәдениетті оқушы» номинациясын 11-сынып оқушысы Сейтжан Рустам, «Зерделі оқушы» номинациясын 10-сынып оқушысы Шаяхмет Аружан, «Үздік оқушы» номинациясын 11-сынып оқушысы Ермағанбетова Мәдина иеленді. Ал басты сыйлық – «Сегіз қырлы, бір сырлы» атағы математика пәнінен өткен аудандық, қалалық олимпиада жеңімпазы, «Алтын белгі» иегері Жүсіпбаева Мерейге табысталды.