Skip to content

БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ Күздің алғашқы айы – қыркүйек…

БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Күздің алғашқы айы – қыркүйек Білім күнімен жан жадыратып, есте қалар жарқын сәттерге толы болғалы тұр.
Елімізде, еңселі елордада арман әлемінен білім әлеміне қадам басып, әліппемен алғаш танысамын деген кішкентай бүлдіршіндер оқушылар қатарын толықтыруда. Жүздері бал-бұл жайнап, бір жасқа есейіп, жаңа сыныпқа көшіп отырған оқушыларымыз да көп. Алдына келген әр шәкіртті өз баласындай көріп, бар мейірімін, қамқорлығын аямаған ардақты ұстаз-әріптестеріміз де жаңа оқу жылына жаңа леппен қосылып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша орта білім беретін мектептер арасында алдыңғы қатардан көрініп, тәлім мен тәрбиені, ұлттық таным мен салт-дәстүрді қатар сіңіріп келе жатқан Әлкей Марғұлан мектебі 1 қыркүйек – Білім күніне орай салтанатты іс-шара екі ауысымда ұйымдастырылды. Осыған орай, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер алдыңғы толқын аға-апаларымен бірлесе өлең оқыса, бір топ өнерлі баладан құралған жас әншілер ұлтжандылық сипаттағы «Отан» әнін орындады. Шараға қатысқан меймандарға, оқушыларға, әріптестерге мектеп директоры Жанкелді Сағынтайұлы тарыдай боп енген кішкентай балалардан үмітті екенін жеткізді. Болашақта осы бір балалар да ел азаматы болып, білім әлемінде өзінің лайықты орнын тауып, ұстаздар ықыласына бөленсін дей отырып, өзінің ақ тілегін арнады. Сонымен бірге ата-аналар атынан сөз тізгінін алған Намазай Мұратбекұлы Марғұлан мектебінің ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізіп, алғыс білдірді.
Биылғы алғашқы қоңырау соғу мәртебесі 1-сынып оқушылары Айман Оразбай, Алдияр Сағдат және «Алтын белгі» үміткерлері Берік Шарипов пен Әмина Кенжетайдың үлесіне тиді.
Кезекті 2022-2023 оқу жылы қызықты, жеңісті, берекелі болып, Әлкей Марғұлан мектебінің аты аспандай берсін! Мереке құтты болсын!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *