ДУБЛЕР КҮНІ
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы».
Ғасырлар алмасар, адамзат жаңа нәрселерді игерер, кішкентай балалар ер жетер, бірақ бір нәрсе өзгермесі анық. Ол – Жер бетінде адам баласын оқыту, ұстаз болу. Ұстаз болу үшін де ерлік керек, қырағы болу қажет, сана әр кез ояу, көкірек көзі ашық болса игі.
Қазан айы туғанда, ерекше бір мейрам бар. Оны оқушы да асыға күтеді, мұғалім де мерейленеді. Ол – Ұстаздар күні! Осы тұста бүгін, 2023 жылдың 5 қазан күні Әлкей Марғұлан атындағы #40 мектеп-лицейінде дублер күні болып өтті. Дублер күні, шын мәнінде, өзіндік қызық-қуанышымен есте қалады. Таңғы сағат 7:30-да ұстаздарын кіреберістен қошеметпен қарсы алып, ризашылықтарын білдірген мектеп түлектері үшін бұл ең қуанышты сәттердің бірі болды. Әрі қарай сабақ өткізіп, қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздықтың қадірін ұғыну бүгінгі күннің мақсатына айналды. Бір қарағанда оңай боп көрінгенмен, білім әлеміне енгенде бұлтарыс-қалтарысы көп болатын ұстаз мамандығына адалдық таныту, таңдаған жолдан сүрінбей өту, шәкіртке білім беріп қана қоймай, тәрбиелеу қиынның қиыны екенін мектеп оқушылары түсінді. Бір оқушы қатпар-қатпар тарих бетін ашып, өткен ғасырларға сапар шексе, бір оқушы күрделі теңдеуі, прогрессиясы мен тригонометриясы бар математика әлеміне бет алды. Бірі мұратым – ұлтыма қызмет ету деп, тіл мен әдебиеттен сабақ беріп, болашақта Жаңа Қазақстанның туған тілін, салт-дәстүрін келер ұрпаққа жеткізу үшін мықты ұстаз болсам деген арманымен бөлісті.
«Өзін-өзі басқару аясында біз, оқушылар, ұстаздық ету, шәкірт тәрбиелеу оңай емес екенін түсіндік. Бұл мамандықты шын қалап келмесең, қалғаны бекер екен. Істеп жатқан ісіңе көңілім толсын десең, өзгелер тамсансын десең, ең бастысы, қиындығы да мол, қызығы да жетерлік мұғалім деген мамандыққа адал болу қажет. Сонымен бірге ұстаз бойында шыдамдылық пен парасат, ақыл мен өнеге табылса, нағыз шыңға жеткізер сол болмақ. Бір байқағанымыз, ұстаздарға артылар жауапкершілік те жоғары.