КЕУДЕДЕ НАМЫС ОТЫ МЕН «ЖАС ҚЫРАН» ТӨСБЕЛГІСІ ЖАРҚЫРАЙДЫ
2023 жылдың 15 желтоқсан күні Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде еңселі егемендіктің 32 жылдығы қарсаңында мектебіміздің ең жас білімпаздары – 1-сынып балалары «Жас қыран» оқушылар ұйымына салтанатты түрде қабылданды. Осылайша 253 жас шәкірттеріміз көк аспанымызда қалықтаған еркіндік символы – қыран құс бейнеленген төсбелгіні кеудеге тағып, ұйым мүшесі атанды. 1 «А» сыныбы – Махамбет Өтемісұлы, 1 «Ә» сыныбы – Әзілхан Нұршайықов, 1 «Б» сыныбы – Сүйінбай Аронұлы, 1 «В» сыныбы – Жүсіпбек Аймауытов, 1 «Г» сыныбы – Сұлтанмахмұт Торайғыров, 1 «Д» сыныбы – Сырбай Мәуленов, 1 «Е» сыныбы – Сафуан Шәймерденов, 1 «Ж» сыныбы – Жамбыл Жабаев, 1 «З» сыныбы – Оралхан Бөкей, 1 «И» сыныбы – Қасым Қайсенов сынды ұлт жанашырларының есімін топ атауы етіп алып, топ басшылары жиынға қаншалықты әзір екенін көрсетті. Мемлекеттік әнұран орындалған соң, «Біз Әлкей Марғұлан атындағы «Жас қыран» оқушылар ұйымының мүшелігіне салтанатты түрде ене отырып, өз жерімізді, елімізді, халқымызды қорғауға, мәдениетін, ана тілін қастерлеуге, жақсы оқуға ант етеміз» деп ант берді. Отанымыздың болашақ қорғаны, болашақ жалынды жастарына төсбелгіні салтанатты жағдайда акт залында табыстағандар: мектеп директоры Уйсимбаева Сауле Амангельдиновна, директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Есіл Жұмагүл Балтабайқызы, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Найманбаева Жұлдыз Балғабайқызы және Жас Ұлан ұйымының оқушылары. Шара соңы білім ордасының басшысы Уйсимбаева Сауле Амангельдиновнаның балдырғандарға деген құттықтауымен, «оқуда үздік болыңдар» деген ақ пейілді тілегімен түйінделді.