ҚЫСҚЫ ДЕМАЛЫС ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
2025 жылдың 26 желтоқсан күні мектебімізде ата-аналармен қысқы демалыс және мереке қарсаңындағы қауіпсіздік тақырыбында маңызды жиналыс өтті.
Күн тәртібіне сай мектеп директоры Сауле Амангелдіқызы Үйсімбаева оқушылардың қысқы демалысын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру жолдарына тоқталып, ата-аналарды бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды. Сондай-ақ мерекелік іс-шараларға байланысты мектепте ақша жинауға қатаң түрде тыйым салынатынын ескертті.
Мектеп инспекторы Ернұр Төлегенұлы қысқы демалыс кезінде оқушылардың түнгі мезгілде көшеде жүрмеуі, мерекелік кештерге қатыспауы, ішімдік пен зиянды әдеттерден аулақ болуы керектігін айтты. Сонымен қатар қыс мезгіліндегі жол қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Н. Алимұлы қысқы кезеңде жиі орын алатын төтенше жағдайлар жөнінде ақпарат беріп, пиротехникалық жарылғыш заттардың аса қауіпті екенін ескертті. Электр және газ пештерін пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары бойынша ата-аналарға нақты нұсқаулықтар берілді. Оқушылардың бос уақытында смартфонды қуаттағышқа қосып ұйықтап қалу салдарынан өрт пен күйік жағдайлары жиі кездесетіні айтылып, қысқы ауа райына байланысты 112 қызметінен келетін хабарламаларға үнемі назар аудару қажеттігі ескертілді.
Бала қауіпсіздігі – ортақ міндет, басты мақсат!
Осыған орай барлық ата-аналар мен оқушыларды қысқы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз.
Қауіпсіз демалыс – жарқын болашақтың кепілі!







