МЕКТЕБІМ – МЕЙІРІМ МЕКЕНІ
Күздің алғашқы айы – қыркүйек Білім күнімен жан жадыратып, есте қалар жарқын сәттерге толы болғалы тұр. Бүгін еліміздің барлық мектептері өз есігін айқара ашты. Еңселі елордада арман әлемінен білім әлеміне қадам басып, әліппемен алғаш танысамын деген 195 кішкентай бүлдіршіндер оқушылар қатарын толықтыруда. Алдына келген әр шәкіртті өз баласындай көріп, бар мейірімін, қамқорлығын аямаған ардақты ұстаз-әріптестеріміз де жаңа оқу жылына жаңа леппен қосылып отыр.
Астана қаласы бойынша орта білім беретін мектептер арасында алдыңғы қатардан көрініп, тәлім мен тәрбиені, ұлттық таным мен салт-дәстүрді қатар сіңіріп келе жатқан Әлкей Марғұлан мектебі биылғы оқу жылы ҚР Конституциясының 30 жылдығымен, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы Сапарғали Беғалинның 130 жылдығымен, ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын сөзге тиек етті. Абайдың мұрасы – біз үшін өмірлік жол көрсеткіші, ал оның «Толық адам» идеясы – бәріне рухани бағдар деген мектеп түлектері мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге өз арнау тілектерін арнаса 1-сынып оқушылары арнайы әзірленген өлең шумақтарын жатқа оқыды. Шараға қатысқан меймандарға, оқушыларға, әріптестерге мектеп директоры Сәуле Амангелдіқызы тарыдай боп енген кішкентай балалардан үмітті екенін жеткізді. Болашақта осы бір балалар да ел азаматы болып, білім әлемінде өзінің лайықты орнын тауып, ұстаздар ықыласына бөленсін дей отырып, өзінің ақ тілегін арнады. Мектеп өмірінің маңызды сәтінде ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып «Алтын белгі» үміткері 11-сынып оқушысы Нұрке Ислам алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршін Сансызбай Айзаданы жетелеп, алғашқы қоңырау соқты. Кезекті 2025-2026 оқу жылы қызықты, жеңісті, берекелі болып, Әлкей Марғұлан мектебінің аты аспандай берсін! МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!