Skip to content

МЕКТЕПКЕ БЕЙІМДЕУ -НЕГІЗГІ МІНДЕТ Бүгінде оқушылардың мектеп қабырғасында білім алуға…

МЕКТЕПКЕ БЕЙІМДЕУ -НЕГІЗГІ МІНДЕТ
Бүгінде оқушылардың мектеп қабырғасында білім алуға икемделіп, қатарластарымен оңай тіл табысып, толыққанды бейімделуі – ерекше назар аударатын бағыттың бірі. Осыған орай, 2022 жылдың 18 қазан күні Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде 5-сынып оқушыларының ата-аналарына бағытталған жиналыс өтті. Аталмыш шараға директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Дюсенова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Атчибаев, бірқатар пән ұстаздары қатысып, өз бағыты аясында жиналған ата-аналарға кеңінен мағлұмат берді.
Басқосуда алғаш болып сөз алған директор орынбасары Сәуле Дюсенованың айтуынша, балаларды мектепке бейімдеу – негізгі міндет. Сол себепті шәкірт есейген сайын оқу бағдарламасына жаңа пәндер қосылып, жүктеме қосылады. Бұл ретте, ата-ана мүмкіндігінше оқуына зер салып, үлгерімін қадағалап отыруы тиіс деді.
Мектеп психологы Лариса Мыңбаева да өз тарапынан ата-аналарға бірқатар ақыл-кеңес берді. Мәселен, бала қай кезде де әке-шешесіне қарап бой түзейді. Сол себепті олар әрдайым балаға үлгі көрсетіп отырса ғана тәлім де, үлгерім де жақсы болады. Ең бастысы, ата-ана әрдайым баланың көңіл күйіне алаңдап, не мазалайтынын, неге қызығатынына мән беріп, жиі-жиі сырласып отыруы маңызды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнагүл Төлегенова бала ең алдымен ұлттық тілде сөйлеп, төл тілде білім алуы үшін отбасы қазақ тәрбиесіне бай болуы керек деп есептейді. Мектеп қабырғасында қазақ тілі пәні жоспарға сай өтіп отырады, түрлі қалалық жарысқа: мәнерлеп оқу, шығармашылық сайысқа да шәкірттерді баулуда бұл бірлестік біраз жұмыс атқарып келеді.
Математика пәнінің мұғалімі Аманжан Эрднэбат та ата-аналар алдында есеп берді. Айтуынша, математика пәні жыл сайын оқушы үшін бағдарламаға сай өзгеріп, қиындап отырады. Сондықтан оқу бағдарламасынан қалмай, көбейту кестесі, теңдеулер жүйесі секілді күрделі тақырыптарды 5-сыныптан бастап мықтап меңгерген абзал.
Биология пәнінің мұғалімі Гүлжан Асылбекова да жаратылыстану ғылымының қызықты жақтарын айтып, ой бөлісті.
Шара соңын тәрбие орынбасары Қайрат Атчибаев түйіндей келе, жиналғандарға аталмыш бағыт бойынша бірқатар мәлімет берді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *