Skip to content

Музей

Әлкей Марғұлан – ғылым әлемінде Қазақстан ғалымдарының ғана емес, әлемдік ғылым тарихында сирек кездесетін қайраткерлерінің бірі. Әдетте, ғылыми зерттеу ісіне ғалымдардың көпшілігі, өздерінің табиғи бейімділігіне қарай, ғылымның бір ғана саласына маман болады. Әлкей Марғұлан ғылымның сан алуан саласында жан-жақты терең зерттеу ісімен шұғылданып, жемісті еңбек етті. Ол – әрі этнограф, әрі археолог, әрі тарихшы, әрі лингвист, әрі әдебиетші-филолог және фольклорист.

       2004 жылы ЮНЕСКО көлемінде қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Хақанұлы Марғұланның 100 жылдық мерейтойы аталып өтуіне орай республика бойынша көптеген ауқымды іс-шаралар жүргізілді. Солардың бірі –  Қазақстан Республикасы  Үкіметінің 2005 жылғы 5 шілдедегі № 690 қаулысымен  мектебімізге ұлы ғалым есімінің берілуі.  Мектебіміз  2005 жылғы                                29 желтоқсандағы  Астана қаласы әкімінің №22-4-1132 қаулысымен «Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектеп» мемлекеттік мекемесі болып аталды.

    2006 жылы 11 мамырда Академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан атындағы мемориалдық музейі – ғалымның өмірі мен шығармашылық қызметі арқылы жас ұрпақтың бойында рухани ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында  ұйымдастырылып ашылды. Ашылу салтанатына Білім және ғылым министрлігінің өкілі  Ж.Жүкенов. Астана қаласы Білім басқармасы бастығы Әсима Бимендина, Дәнел Әлкейқызы,  сәулетші Серік Рүстембеков, шәкірттері Рымғали Нұрғалиұлы, Мырзатай Жолдасбеов, жазушы Бақытжан Тобаяқов қатысты.

  Музейді ашу жұмысына мектебіміздің барлық ұстаздары үлес қосты. Арнайы құралған Марғұлан қорына өздерінің жалақыларын өткізді және ғалым өміріне байланысты деректер жинап, музейдің жұмыстарына ұсыныстарын берді. Музейдің барлық талаптарға сай болып ашылуына академик Серік Рүстембековтің еңбегі өлшеусіз. Серік ағамызға оқушылар мен ұстаздар қауымы атынан зор алғыс білдіреміз.

    Мектеп музейінің құндылығы ғалымның өзі ұстаған заттарының бүгінде музей жәдігеріне айналғандығында.  Әлкей Хақанұлының қызы Дәнел Әлкейқызы мектеп музейіне Әлкей атаның киген киімдері – бас киімі, өрнектелген тақиясы, қыста мойнына салған шарфы, құран кітабы,  археологиялық экспедицияда киген киімдері мен чемоданы, пайдаланған заттары және домбырасы, отырған диваны, жазу үстелі, жазу машинкасы, кітап сөресі, ғалым жазған кітаптар, құжаттар көшірмесі, шәкірттерінің естелік кітаптарын және тағы басқа заттарын табыс етті.

Академик Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылық қызметі арқылы жан-жақты дамыған толерантты тұлға қалыптастыру мақсатында негізгі бес бағытта:

  • Әлкей Марғұлан және филология
  • Әлкей Марғұлан және этнография
  • Әлкей Марғұлан және Шоқантану
  • Әлкей Марғұлан және археология
  • Әлкей Марғұлан және тарих саласы бойынша жұмыс жүргізіледі.

     Музейге келушілер археология, этнография, Шоқантану, тарих, әдебиеттану, өнертану салалары бойынша аянбай еңбек еткен ғалымның шығармашылығымен таныса алады.

2006 жылы 11 мамыр.Әлкей Марғұлан мемориалдық музейінің ашылу салтанаты.                                                                         
Суретте: (солдан оңға қарай) Астана қаласы Білім басқармасы бастығы Әсима Бимендина, Дәнел Әлкейқызы,  сәулетші Серік Рүстембеков, шәкірттері Рымғали Нұрғалиұлы, жазушы Бақытжан Тобаяқов, Білім және ғылым министрлігінің өкілі  Ж.Жүкенов.