ӨМІР ҒАЖАП КҮЛЕ БІЛГЕНГЕ
Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір. Өте орынды айтылған ой. Бұл өмірдің әр күні шаттықпен, қызықпен, күлкімен өтсе – бір күннің зая кетпегені. Бойында позитив, күш-қуат, өмірге деген талпынысы бар адам кез келген қиындықты оңай еңсеріп, шыңға шығары хақ. Әрі риясыз, шынайы күлкі өмірді ұзартып, айналаны ғажайыпқа бөлейді. Біздің балалар да бұл өнерден алыс емес. Бұлай дейтініміз, өткен қараша айында орта-жоғары сынып оқушылары «Жайдарлы жас ұлан» жайдарман тапқырлар ойынын өткізіп, өзара сайысқа түскен еді. Осылайша финалға жолдама алған 5 команда сарапқа салынған кубокты иелену үшін бар өнерін ортаға салды. Шәкірттеріміздің тартымды әзіл, жарасымды қалжыңдарын бағалап, төрелік еткен әділ қазылар құрамында мектеп ата-анасы Жұмагүл Поштаева мен эстрада әншісі Шахаризат Сейдахмет те болды. Тартысты ойын қорытындысына сәйкес анықталған жүлдегерлер: І орын – «Интрига», ІІ орын – «570», ІІІ орын – «Мадина» командалары. Сондай-ақ талапты өнерпаздар «Үздік ойыншы» номинациясына ұсынылса, қалған екі команда: ЖасSTAR және «Вареники» алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен бірге жұлдызды қонағымыз көрермендерге әннен шашу шашып, жақсы бір кештің өтуіне үлес қосты. Ал соңына қарай мектептің рухани-мәдени іс-шараларынан үнемі шет қалмай, үлес қосып жүрген «Жас ұлан» ұйымының бір топ белсенді оқушылары алғыс хатпен марапатталды.