ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ ОТБАСЫ
Бүгін, 2023 жылдың 30 қыркүйек күні Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде ата-аналарға жалпықалалық бірыңғай ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараға Марғұлан мектебінің аналары, әжелері және әкелері қатысты. Айта кетейік, бұған дейін мектепте балаларға ұрпақтар сабақтастығын ұғындыру үшін аталмыш кеңес жұмыс істеген еді. Алайда 2020 жылғы індет кезінде уақытша тоқтап, бүгінде өз жұмысын қайта бастады, сондықтан жастардың үлкендердің тәрбиесін көріп, ақылын ұғынуға септесетін бұл кеңестер алдағы уақытта едәуір нәтижеге жетпек. Тренинг аналардың қатысуымен "Әлемді тербеткен ана" тақырыбын өзек етті. Қоғамда алар орны ерекше аналар институтының атқарар еңбегі де зор. Жиналыста бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер ортаға тасталып, соңына қарай аналар кеңесі қайта құрылды. Оның аясында балдырғандардың аналары жұмыс жоспарын бір пысықтап өтті.
"Еркелеймін әлі мен, әжем жақсы бәрінен" атты тақырыпта әжелерімізбен өткен кеңесте данагөй қариялармен тренинг өткізілді. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жастарға айтар ақылы бар жаулық тартқан олар жаңа заманда бала тәрбиелеудің мән-маңызын сөз етіп, ойларымен бөлісті. Сондай-ақ келе жатқан Халықаралық қарттар күні мерекесімен ұстаздарымыз әжелерімізді құттықтап, алдағы уақытта бірлесе, ынтымақтаса жұмыс жасауға ұсыныс айтып, әжелер кеңесі жұмысының жемісті жандануына бірге атсалысайық деген ой тастады.
Бұған қоса, 7-8-сыныптарда "Әке – тірек, бала – тілек" тақырыбында әкелер отырысы да ұйымдастырылды. "Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды"демекші, әкелер өздерін таныстыра келе, "Мен қандай әкемін?!" тренингіне қатысты. Әр әке өзінің әкелік мұрат-мақсатымен, бала тәрбиесінде қолданатын ерекше тәсілдерімен бөлісті. Топқа бөлініп, бала тәрбиесінің берік орнығуы үшін жасанды әрі уақытша дүниелерге қызықпаудың пайдасын нығыздап жеткізген әкелер қауымының ой-тілегі бірауыздан қолдау тапты. Қандай жұмыс, қандай мансап болса да, балаға бөлінген уақыттың құндылығы ештеңемен салыстыруға келмейтінін қатысушылар да атап өтті.