Skip to content

ҰЛТЫНЫҢ ЕДІ МАҚТАНЫШЫ, АЙБАРЫ… Тіршілік-ғұмырда «адалдық» деген жап-жақсы, жып-жылы сөз…

ҰЛТЫНЫҢ ЕДІ МАҚТАНЫШЫ, АЙБАРЫ…

Тіршілік-ғұмырда «адалдық» деген жап-жақсы, жып-жылы сөз бар. Бір ғана осы сөзде қаншама мән-мағына, өмірдің пәлсапасы жатыр. Ол – қолдан келгенше жақсылық жасау, айналаға шуақ нұрын шашу, қол ұшын созу, жайдары мінез сақтап, өзгеге жанашырлық таныту. Міне, арадан осындай кемеңгер азаматтың, білім саласының қара нары, ғалым, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері, қайымтанушы, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің бұрынғы директоры Ербол Ісләмұлының арамыздан өткеніне 2 жыл толды. Әлі де ұлтына сіңірер еңбегі мол еді, бергенінен берері көп еді, бірақ… Жаратқанның бұйрығына шара бар ма?! Алдына келген әр оқушының мінезін, қызығушылығын айтпай танитын кемеңгер басшының даналығына бас имеу мүмкін емес-тін. Алдына келген әр ұстаздың мұң-мұқтажын көзден жазбай аңғаратын ағайдың көңілі де қазақ даласындай кең, дархан еді. Өмір өткелінде жақсылармен дидарлас, аралас-құралас болған Ербол Ісләмұлы мектебімізде үнемі тағылымы мол шаралар өткізіп, сол істердің атқарылуына ұйытқы боп басы-қасында жүретін. «Мен бастықпын», «Лауазымым жоғары» деп кеуде кермейтін, үнемі бірқалыпта, әрдайым адамгершіліктің ақ туынан аттамайтын. Жүрген жерінде ізгіліктің нұрын шашып, беймаза ғасырда өзі жақсылықтың жаршысы болатын. Бұл Жаратқанның ол кісіге сыйлаған, әуел баста бойға дарыған қасиеті болар, бәлкім…
Жақсы адам көзден кеткенмен, көңілден кетпейді. Үнемі айтқан сөзі, берген тәлімі, есті еткен ақылы Марғұлан мектебі ұстаздарының жадында. Сол себепті қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің бастамашы болуымен, өзге ұжымдастарының бірауыздан қолдауымен бүгін, 2023 жылғы 4 ақпан күні, қазақтың арда ұлы Ербол Ісләмұлын еске алуға арналған «Жадымда жарқын бейнесі» атты кеш өтті. Мектеп қабырғасында өткен тағылымды кешке марқұмның жары Қымбат Мұқанқызы, қызы Жайна Ерболқызы, ҚР Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Әлібекұлы, ағамыздың алдынан өтіп, көзін көрген бір топ жас шәкірттері Бекмұрат Өмірбек, Берікхан Ісбек қатысты.
Көрерменге шабыт сыйлап, руханияттың мөлдір бұлағына қанық еткен мектебіміздің орта буын оқушылары кезек-кезек өлең оқып, ән-жырын арнады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *