ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – БОЛАШАҚ ТІРЕГІ
📌Жаңа оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен республикалық маңызға ие ауқымды жоба – Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылған еді. Осыған орай, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде ата-аналармен бірлесе жұмыс істеу, оларға педагогикалық, психологиялық тұрғыдан қолдау білдіру назардан тыс қалған емес. Соның айқын дәлелі – 20 қаңтар күні мектебімізде кезекті мәрте ұйымдастырылған бірыңғай ашық есік күні. Биыл жанданған ауқымды бастамаға Көктал тұрғын алабында, оған іргелес жатқан аумақтарда тұратын ата-аналарымыз қызығушылық танытып, бой үйретіп, ортақ мақсат – білімді ұрпақ тәрбиелеуге өз тарапынан үлес қосып жатқан жайы бар.
📌Мектептің мәжіліс залында өткен пленарлық отырысқа ата-аналар комитеттерінің өкілдері, педагогтар қатысты. Сөз алған мектеп директоры Сәуле Амангелдіқызы 2023-2024 оқу жылының бірінші жартыжылдықтағы есебімен таныстырып, алдағы уақытта іске асатын жоба-жоспарлармен бөлісті. Сондай-ақ жартыжылдықта өнер, спорт, білім сайыстарында дараланған мұғалімдер мен оқушылардың жетістігі сараланды. Күн тәртібіндегі екінші мәселеге – білім алушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттыруды мақсат еткен «8 минуттық оқу» жобасына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Балғабайқызы тоқталды. Азды-көпті уақыт аралығында біраз кітап оқып, жобаға үлкен үлес қосқан жас оқырман, 7-сынып оқушысы Мәдина Қайыржанова да көпшілік алдында сөз сөйлеп, жобаның маңызын тарқатып берді.
📌Ресми жиыннан кейін пән мұғалімдерімен, мектеп директорымен, орынбасарлармен бетпе-бет жүздесіп, бала тәрбиесіне, оқу үлгеріміне, білім деңгейіне қатысты толық ақпарат алу – ата-аналар үшін таптырмас мүмкіндік. Сондықтан күн тәртібінен тет-а-тет форматында жүздесу түскен емес.
📌Оқушылардың сабақ оқуға деген ынта-ықыласын ашқан тағы бір жобамыз – «Пайдалы үзіліс». 5-10 минутқа созылатын үзілісті пайдаға асыру үшін барлық пән бірлестіктері апта сайын балалармен қызықты іс-шаралар өткізіп жүр. Соның бірсыпырасына ашық есік күнінде ата-аналар да қатысып, ойыншы боп көрді.
#білімбасқармасы
#астанақаласыныңәдістемелікорталығы
#астанадарыныорталығы
#оқуағарту_министрлігі