Skip to content

ҰСТАЗ – ҰЛЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ Бүгін, 5 қазан күні, Әлкей Марғұлан…

ҰСТАЗ – ҰЛЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

Бүгін, 5 қазан күні, Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектеп-лицейінің шәкірттері ардақты ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, ән-жырдан шашу шашып, өнер көрсетті.
Алтын күзде, қазан айының басына дөп келетін бұл мейрамды бәріміз де асыға күттік. Бүгін сол қуаныш мерекелік «Ұстаз – ұлылықтың бастауы» атты концертке ұласып, шәкірт жүрегінен орын алған ұстаздардың риясыз көңілімен жалғасты.
Концерт аясында оқушылар өлең оқыса, «Самұрық» би ансамблі «Әлқисса» күйіне мың бұрала биледі, мектеп хоры Отан жайында ән шырқады. Сондай-ақ қыркүйек пен мамыр арасын біліммен нұрландырған мұғалімдер үшін арнайы әзірленген бейнеролик көрсетіліп, халық әндері шырқалды. Шәкірт баулыған, балаға үміт гүлін сепкен ардақты жандарды концерттің арнайы қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Досымжан Таңатаров құттықтап, ән шырқады. Ұстаз алдында шәкірт қашан да қарыздар екенін айта келе, әнші өзі де бір кездері мектеп кезінен ән шырқап, ұлағатты ұстаздардан тәлім алғанын мақтанышпен айтты. Концерт барысында мектеп директоры Жанкелді Сағынтайұлы қымбатты әріптестерін мерекемен құттықтай отырып, еңбекте табыс пен береке тіледі. Еселі еңбегі еленген бірқатар ұстаздарды алғыс хат, құттықтау хатпен марапаттады. Думанды кештің соңы «Ұстазым» әнімен өз мәресіне жетті.
Адал да қиын, жауапты да шығармашыл еңбегіңіздің арқасында мыңдаған қазақ баласы өмірден орнын тапты, аяулы ұстаздар қауымы! Жасай беріңіздер! Білімнің алтын кілті сіздердің қолыңызда!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *