ҰСТАЗДЫҚПЕН ӨРІЛГЕН ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР
2022 жылдың 24 тамызында Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде «Ұстаздықпен өрілген ғибратты ғұмыр» атты мерекелік кеш болып өтті. Мектебіміздің директоры Базыл Жанкелді Сағынтайұлы білім саласындағы қызметін абыроймен атқарып, құрметті зейнет демалысына шықты. Мерейтойлық іс-шараға барша мектеп ұжымы қатысты. Іс-шара мерекелік сценарий бойынша өрбіп, қатысушылардың қошеметімен Жанкелді Сағынтайұлына төрден орын беріліп, иығына шапан жабылды. Мұнан кейін кеш иесінің өмірбаянын, еңбек жолындағы жетістіктерін таныстырып, арнайы суреттер топтамасынан әзірленген бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ Жанкелді Сағынтайұлымен бірге жұмыс жасаған Қарағанды қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы №39 гимназия мектеп ұжымы құттықтау тілектерін білдіріп, бейнеролик жолдады. Құттықтау сөз сөйлеген мектеп директорының орынбасарлары мектеп жүйесінің дамуы мен қалыптасуында Жанкелді Сағынтайұлының алатын орны ерекше екенін атап өтті. Жанкелді Сағынтайұлы өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында талапшыл басшы ретінде мекеме жұмысын жетілдірді. Ұзақ еңбек жолында көптеген жетістіктерге жеткен. Қажырлы еңбекке лайықты құрмет көрсетілген іс-шарада бірлестік жетекшілері өз өнерлерін көрсетті. Іс-шара барысында кәсіподақ ұйымының төрайымы Әмина Балтабайқызы мен мектеп директорының орынбасарлары сөз сөйлеп, алғыс хаттар табыс етіліп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Мағжантану, Абайтану оқулықтарының авторы. Жанкелді Сағынтайұлының жетекшілігімен мектепте эмоционалды интеллект курсының жүргізілуімен қатар, ұлы ұстаз Аманашвилидің педагогикалық ұстанымдарын басшылыққа алуы, ұжымның нәтижелі еңбек етуіне әсер етті. Өз кезегінде көрсетілген құрмет пен марапатқа алғыс білдірген Жанкелді Сағынтайұлы әріптестерінің еңбегіне жеміс тіледі.