ЖАЙДАРМАН ФИНАЛ – 2024
Бүгін 2024 жылдың 14 ақпан күні Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде “Жайдарлы Жасұлан” атты финалдық жайдарман ойыны болып өтті. Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір. Өте орынды айтылған ой. Бұл өмірдің әр күні шаттықпен, қызықпен, күлкімен өтсе – бір күннің зая кетпегені. Бойында позитив, күш-қуат, өмірге деген талпынысы бар адам кез келген қиындықты оңай еңсеріп, шыңға шығары хақ. Әрі риясыз, шынайы күлкі өмірді ұзартып, айналаны ғажайыпқа бөлейді. Біздің балалар да бұл өнерден алыс емес. Бұлай дейтініміз, өткен қараша айында орта-жоғары сынып оқушылары «Жайдарлы жас ұлан» жайдарман тапқырлар ойынын өткізіп, өзара сайысқа түскен еді. Осылайша финалға жолдама алған 5 команда сарапқа салынған кубокты иелену үшін бар өнерін ортаға салды. Шәкірттеріміздің тартымды әзіл, жарасымды қалжыңдарын бағалап, төрелік еткен әділ қазылар құрамында мектебіміздің 2023ж жайдарман ойындарының үздік ойыншысы Мұрат Алдияр, кітапхана меңгерушісі Айдабулова Гауһар, мектеп психологтары Мағжан Маржан мен Аққу Асқарқызы болды. Тартысты ойын қорытындысына сәйкес анықталған жүлдегерлер:
Бас жүлде «Қызыл раушан», І орын – «fifty fifty», ІІ орын – «тек қана ұлдар»командасы, ал жоғары буын арасында Бас жүлде «Алаш», І орын – «Адель 2024» командалары.Сондай-ақ талапты өнерпаздар «Үздік ойыншы», «Сөз шебері», «Үздік образ», «Тапқыр ойлы» номинацияларымен марапатталды. Сонымен бірге мектебіміздің талантты оқушысы Қалымбетов Нұрсұлтан көрерменге әннен шашу шашып, жақсы бір кештің өтуіне үлес қосты.