ЖЫР – МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗ ТАРЛАНЫМ
Бүгін 2019 жылдың 5 желтоқсан күні Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектеп-лицейінде поэзия падишасы, поэзия әлемінің биік шыңын өз еркіне бағындырған, қиялға қанат сермеген Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері, ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Жыр – менің жалғыз тарланым» атты әдеби кеш болып өтті. Кеш Фариза Оңғарсынованың өмір мен шығармашылығын баяндайтын бейнеролик көрсетілімімен бастау алды. Кеште мектебіміздің кітапхана меңгерушісі Балғайша Кәкенқызы оқушыларға ақын шығармашылығынан монолог оқыды. Сонымен қатар мектеп оқушылары ақын өлеңдері мен ақын жайлы жазылған ұлы тұлғалардың естеліктері жатқа оқылып, әндері шырқалды. Ақынның жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Ақын аты, ұрпағы барда, жырын оқитын жанашырлары барда ешқашан өлмейді. Кеш соңы ақынның фото естеліктерімен Нұржан Өмірбайдың сөзіне жазылған «Өлмейтіндер» атты әнімен қорытындыланды.
