Меню KDT

"Әлкей Марғұлан" атындағы №40 мектеп-лицей


 

Kazakh
Директорға сұрақ қою

ҰЛТЫНЫҢ ЕДІ МАҚТАНЫШЫ, АЙБАРЫ...

1676269046762372.jpg

Тіршілік-ғұмырда «адалдық» деген жап-жақсы, жып-жылы сөз бар. Бір ғана осы сөзде қаншама мән-мағына, өмірдің пәлсапасы жатыр. Ол – қолдан келгенше жақсылық жасау, айналаға шуақ нұрын шашу, қол ұшын созу, жайдары мінез сақтап, өзгеге жанашырлық таныту. Міне, арадан осындай кемеңгер азаматтың, білім саласының қара нары, ғалым, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері, қайымтанушы, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің бұрынғы директоры Ербол Ісләмұлының арамыздан өткеніне 2 жыл толды. Әлі де ұлтына сіңірер еңбегі мол еді, бергенінен берері көп еді, бірақ... Жаратқанның бұйрығына шара бар ма?! Алдына келген әр оқушының мінезін, қызығушылығын айтпай танитын кемеңгер басшының даналығына бас имеу мүмкін емес-тін. Алдына келген әр ұстаздың мұң-мұқтажын көзден жазбай аңғаратын ағайдың көңілі де қазақ даласындай кең, дархан еді. Өмір өткелінде жақсылармен дидарлас, аралас-құралас болған Ербол Ісләмұлы мектебімізде үнемі тағылымы мол шаралар өткізіп, сол істердің атқарылуына ұйытқы боп басы-қасында жүретін. «Мен бастықпын», «Лауазымым жоғары» деп кеуде кермейтін, үнемі бірқалыпта, әрдайым адамгершіліктің ақ туынан аттамайтын. Жүрген жерінде ізгіліктің нұрын шашып, беймаза ғасырда өзі жақсылықтың жаршысы болатын. Бұл Жаратқанның ол кісіге сыйлаған, әуел баста бойға дарыған қасиеті болар, бәлкім...
Жақсы адам көзден кеткенмен, көңілден кетпейді. Үнемі айтқан сөзі, берген тәлімі, есті еткен ақылы Марғұлан мектебі ұстаздарының жадында. Сол себепті қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің бастамашы болуымен, өзге ұжымдастарының бірауыздан қолдауымен бүгін, 2023 жылғы 4 ақпан күні, қазақтың арда ұлы Ербол Ісләмұлын еске алуға арналған «Жадымда жарқын бейнесі» атты кеш өтті. Мектеп қабырғасында өткен тағылымды кешке марқұмның жары Қымбат Мұқанқызы, қызы Жайна Ерболқызы, ҚР Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Әлібекұлы, ағамыздың алдынан өтіп, көзін көрген бір топ жас шәкірттері Бекмұрат Өмірбек, Берікхан Ісбек қатысты.
Көрерменге шабыт сыйлап, руханияттың мөлдір бұлағына қанық еткен мектебіміздің орта буын оқушылары кезек-кезек өлең оқып, ән-жырын арнады. Мәселен, ағамыз көзі тірісінде жақын жандарына сырлы сезімге толы жыр арнап, оңашада ойға қалғанда қағаз бетіне түсірген азды-көпті өлеңдері бар болатын. Сол бір «Баба рухына тағзым», «Әкеге арнау», «Анаға арнау», «Қымбатқа», «Жайна» өлеңдерін оқушылар нақышына келтіріп оқыды. Ұлттың уызына бала шақтан қанып өскен ағамыз дәстүрлі әндерді ерекше ұнататын, құлақ асып тыңдайтын. Сондай есті әннің бірі – Майлықожаның «Насихат» термесін әнші Қайнар Қатпай домбыра әуезімен шырқады. Тарихшы, ұлт перзенті Қайым Мұхамедхановқа деген ықыласы зор еді. Өйткені ағамыз сол кісінің шәкірті болатын, ғалымнан қалған құнды мұраларды шашпай-төкпей жинақ етіп, келер ұрпаққа аманаттауды мақсат қылды. Сол себепті тар қапаста солақай саясатпен күресемін деп шерменде күйде жазылған Қайым Мұхамедхановтың да өлеңін оқушылар оқыды.
Көзі тірісінде он-жиырма адамның жұмыла көтергенде атқарып болмайтын еңбегін ағамыз бір өзі игеріп шықты. Мектебімізде ол кісінің бастамасымен «Марғұлантанудың» толық курсы оңтайлы жолға қойылып, «Марғұлан» олимпиадасы, «Марғұлан» журналы, «Марғұлан» туристік-өлкетану экспедициясы, «Марғұлан» сыйлығы қолға алынып, бүгінге дейін іске асып келе жатқан, бағы жанған жобалардың бірі болып тұр.
Мәнді де мазмұнды шара соңына қарай Астана мемлекеттік филармониясының әншісі Өзгеріс Шерікбай «Ербол Ісләмұлына арнау» әнін орындап, залда жиналғандардың көңілін толқытып, жалған өмірдің мәңгі емесін ұқтырып, ағамыздың жасап кеткен, жүріп өткен жолын көз алдымызға елестетті.
Сонымен бірге Ербол Ісләмұлы жаны жайсаң, көңілі жомарт, ұлт үшін деп жүретін өзіндей замандастарымен үнемі аралас-құралас болатын. Бұл да ол кісінің елгезек, әңгімешіл, ел мәселесіне келгенде елең-алаң күй кешетінін аңғартады. Мәселен, ақын Ұларбек Нұрғалымұлы, ғалым Тұрсын Жұртбай, ұстазы Бағила Сайлаубайқызы, шәкірті Ғизат Сағындықтың арнаған естеліктерін оқушылар оқып берді. Акт залында шараның ресми бөлімі дәстүрге сай Ербол Іргебайдың сөзіне жазылған «Марғұлан маршымен» түйінделді. Дүниеден өткен асыл ағамыздың рухына қазақы танымға сай құран бағышталып, мектеп асханасында дастархан жайылды. Фәниден бақиға аттанған келбетті, қайсар, кемеңгер азамат марқұм Ербол Ісләмұлының рухы пейіште шалқысын. Артында қалған ұрпағына Алла Тағала ұзақ ғұмыр берсін. «Әлкей Марғұлан мектебі» деп дамыл таппай соққан жүрегіңіз, асыл бейнеңіз әрдайым көз алдымызда, асыл аға, жан аға!

Директорға сұрақ қою