Меню KDT

"Әлкей Марғұлан" атындағы №40 мектеп-лицей


 

Kazakh
Директорға сұрақ қою

"Марғұлан оқулары"

 

Марғұлан мұрасы – ұлт мақтанышы



Сейсенбі, 30 сәуір 2013

Тәуелсіздік сарайында Әлкей Хақанұлы Марғұланның мұраларын насихаттау мақсатында «Әлкей Марғұлан мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты көрме ашылды.
Көрме залында ғалымның көзі тірісінде тұтынған заттары мен құралдары орын алған. Қазақтың салты мен дәстүрін жинақтаған ғалым әнді сүйіп тыңдап, домбыраны да шебер тарта білген. Осы домбыра, сол сияқты, ұзақ жылдар көз майын тауысып құнды ғылыми тұжырымдарды жазған жазу машинкасы, археологиялық жорықтарда дүниесін салған чемоданы және берілген кәдесыйлар қойылған.
Көрмеге келушілер назарына ғалымның жас кезіндегі, ғылым ака­демиясында, экспедициялық жорықтарда, демалыс кезінде, от­ба­сында түскен суреттері де ұсы­нылып отыр. Әсіресе, ерекше назар аударатын дүние – 1926 жы­лы Ахмет Байтұрсыновпен, Мір­жақып Дулатовпен, Жүсіпбек Ай­мауытовпен, Мұхтар Әуе­зов­пен бірге түскен суреті. Алаш арыс­тарының бірі Әлімхан Ерме­ков­пен, академик Қаныш Сәтбаевпен және қазақтың атақты ақын-жа­зу­шылары, ғалымдарымен бірге түс­кен суреттер өткен күн тарихынан сыр шертеді.
Көрмеде ғалымның өзі қолтаңба жазып, қызына сыйға берген кітабы, Әлкей Марғұланға естелікке бе­рілген құнды кітаптар да бар.
Көрменің ашылу салтанатына Алматыдан арнайы ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызы, академик Жабайхан Әбділдин, ЕҰУ қа­зақ әдебиеті кафедрасының мең­герушісі Сейіт Қасқабасов, «Оты­рар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, археолог Зейнолла Самашев сынды елімізге белгілі тұлғалар қаты­сып, естеліктерімен бөлісті. Әл­кей Марғұлан мұраларының 14 том­ды­ғының тұсаукесері де болды.
2004 жылы ЮНЕСКО көле­мінде Әлкей Марғұланның 100 жыл­дық мерейтойы аталып өтуі­не байланысты Астанадағы №40 орта мектебіне Әлкей Мар­ғұ­лан­ның есімі берілді. 2006 жылы 11 мамыр­да мектепте академик Әл­кей Марғұлан мұражайы ашыл­ды. Көрмеге қойылған құн­ды жәдігерлер мектептің мұра­жайынан алынған.


Бекмұрат ӨМІРБЕК,
педагог-ұйымдастырушы.
Егемен Қазақстан

Марғұлан мұражайының мақтанышы

«Өлдi деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп данышпан Абай сөздiң де, ойдың да жүйесiн келтiрiп, қалай тауып айтқан?! Соңына жақсы iсi мен сөзiн қалдырып, ұлттың ұлы мұраты үшiн жанын сала аянбай еңбек еткен ұлы тұлғалардың бiрi – Әлкей Марғұлан.
Мектебiмiз ғалымның атында болғандықтан, әмбебап ғалымның көзi тiрiсiнде тұтынған әрбiр дүниесi – бiз үшiн қымбат. Сондықтан да Әлкей Марғұлан мұражайының қорын үнемi бағалы мүкәмалдармен толықтырып отыру мұражай кеңесiнiң де, мектеп әкiмшiлiгiнiң де басты мiндетi болып келедi. Ғалымның кең-дария мұрасына иелiк етiп, соңында қалған тұяғы Дәнел Әлкейқызы мектеп мұражайына құнды жәдiгерлердi тарту еттi. Ғалымның көзi тiрiсiнде өзi пайдаланған дүиелерiнiң iшiнде ұлттық нақышпен оюланған алқызыл шапаны, зерленiп, кестеленiп тоқылған тақиясы, сапалы матадан тiгiлген шетелдiк костюм-шалбары, қайыс белбеуi, ұзақ жылдар бойы көз майын тауысып, ел тарихына қатысты небiр құнды еңбектердi дүниеге әкелген «Оptima» жазу машинкасы, алпыс жылдық мерейтойына сыйға тартылған орыс ғалымы Ломоносовтың қола мүсiнi, жетпiс жылды-ғына арнайы дайындалған портретi бар. Ғалымның үлкен байлығы – өмiр бойы тiрнектеп жинаған кiтапханасы. Күзде екi жүзден астам ғылыми кiтабы Еуразия ұлттық университетi жанындағы «Отырар» ғылыми орталығына табысталған едi. Осы жолы да екi жүзге жуық әртүрлi басылым қорға қосылды. Айтар болсақ, Райхан Сәтпаеваның «Дорогому Алькею Хакановичу от Райхан и Есен. Ленинград. 21.04.1947», Валентина Әуезованың «Дорогому другу Алькею на память о студенческих годах в Ленинграде. 27.06.1964», Болат Сарыбаевтың «Ақылшы, қамқоршы аға буын уәкiлi қадырмен Әлекеңе зор сыйластық белгiсi ретiнде ұсынамын. 13.04.1978» деп жазылып, қол-таңбасы қойылған кiтаптар бар. Құжаттар арасынан сарғайған газет материалдарының қиындылары көп кездеседi. Археология мен этнография, ел тарихына байланысты жарық көрген материалдарды ғалым сүзбеден өткiзiп оқып, жинақтап отырған. Үлгi болатыны – үлкен-кiшi деп бөлмей барлығын оқыған, тiптi, бiрiншi курс студенттерiнiң де мақалаларын қағыс қалдырмаған. Сонымен бiрге, Дәнел Әлкейқызы әр жылдарда өткен ғылыми кеңестер мен конференциялардың, Марғұлан оқуларының материалдарын мұражай қорына табыстады. Мектептегi Әлкей Марғұлан мұражайы жас жеткiн-шектердiң қызыға келiп, рухани нәр алатын тәрбие ордасы болады деп сенемiз.

                                                                                                      Iсбек БЕРIКХАН,
                                                                                                     Әлкей Марғұлан атындағы
                                                                                                     №40 орта мектептiң мұғалiмi

 

Жыл сайын 11 мамырда академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның туған күнінде «Академик Әлкей Марғұлан өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында «Марғұлан оқулары» өткізіледі. «Марғұлан оқуларына» ғалымның шәкірттері шақырылып, мектеп ұстаздары мен оқушылары баяндамалар жасайды.


 

Директорға сұрақ қою