СЕНБІ ТАҢЫНДАҒЫ ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК
2023 жылдың 29 сәуірі күні елордада өткен жалпықалалық экологиялық сенбілікке Әлкей Марғұлан мектебінің ұжымы да қатысып, қаламыздың көрікті де жайлы, таза болуына үлес қосты.
Таңғы 9:00-де басталған тазалық шарасы 3 кезеңге бөлініп, едәуір жұмыс атқарылды.
Сенбіліктің кіріспе кезеңінде мектеп ауласына жиналған ұстаздар қауымы алдымен жаттығу жасап, күш жинап, бойды бір сергітіп алды. Ақыл-ойға пайдасы мол шахмат пен шашки ойнап, арқан тартудан өзара жарыс ұйымдастырылды.
Жалпықалалық сенбіліктің негізгі кезеңінде мұғалімдер дәптер, қалам емес, қолға кетпен-күрек алып, шырайлы көктем орнаған шуақты күнде арқа-жарқа боп мектеп маңын күл-қоқыстан, артық үйіндіден арылтып, ағаш түбін қопсытып, суарып, тыңайтқыш құйды. Сонымен қатар, мамырда гүлдейтін мамыргүл, яғни сирень гүлін отырғызып, білім ордасының жан-жағын жайқалтты.