Меню KDT

"Әлкей Марғұлан" атындағы №40 мектеп-лицей


 

Kazakh
Директорға сұрақ қою

АШЫҚ ЕСІК КҮНІ - ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КӨРСЕТКІШІ

1699846817401265.jpg

2023 жылдың 11 қараша күні, Әлкей Марғұлан атындағы #40 мектеп-лицейінде ата-аналар үшін Ашық есік күні ұйымдастырылды. Ауқымды шараға сенбілік демалыста әдейілеп келіп қатысқан ата-аналарымыздың қарасы қалың болды. Екпін түсіріп айта кететіні, оқу процесінен бастап тәрбиеден, оқушылардың оқу үлгерімінен, мектептегі түрлі шығармашылық бағыттан хабар беретін жиналыс - биылғы оқу жылында ұйымдастырылған алғашқысы.
Бүгінгі Ашық есік күніне арнайы келген құрметті қонағымыз - Астана қаласы мәслихаты VIII сайланымының депутаты Бауыржан Смаилов көптің арасынан табылып, оқушылардың өнерімен, білімге құштарлығымен танысты. Сонымен бірге мектеп директоры Сәуле Амангелдіқызымен бірлесіп, мектебімізде жаңадан ашылып жатқан ата-аналарды қолдау орталығының лентасын қиып, оның мән-маңызына тоқталды. Бұл орталық алдағы уақытта мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың оңтайлы орнауына, берекелі, дәстүрлі отбасы институтының одан әрі жемісті болуына ықпал етпек. Сондай-ақ айтылған ұсыныстар нәтижесінде биылдан бастап жоғары сынып оқушылары мектеп қабырғасында оқи жүріп, болашақта өмір жолында қажетіне жарар кәсіби-техникалық мамандықты игеріп шығады. Меморандум алдағы уақытта іске аспақ. Ал қазірдің өзінде 10-сыныптың ер-жігіттері уақытын босқа өткізбей, дәнекерлеуші (сварщик) мамандығын игеріп жатыр. Оқу курсы аяқталғанда олар бір-бір куәлікке ие болады. Артынша мәслихат депутаты мен ата-аналарымыз ұзақ жылдан бері мектептің "басты төлқұжатына" айналған академик Әлкей Марғұлан музейіне келіп, құнды жәдігерлермен, қазақ ғалымының көзіндей болған, артында қалған, мектепке сыйға тарту етілген жәдігерлермен танысып, биыл ғана ашылған Ербол Ісләмұлы атындағы кабинетті де көрді.
Балаларымыз да ата-аналарға мектеп қабырғасында көрген-білгенін, үйренгенін паш етті. Атап айтқанда, күйді тамылжытып орындайтын домбырашылар ансамблі, кесте тоқыған қыздардың жұмысы, ағаштан бұйым жасаған, қылқалам ұшымен әп-әдемі картиналар сыйлаған, заманауи құрылғылардан құрастырылған робот-машиналардың шеруі, Eco Team мен Eco Patrol үйірмесі шәкірттерінің қоршаған ортаны қорғау үшін дайындаған макеттері, спортта жетістікке жеткен, орын алған дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен спортқа бейімді шымыр оқушылардың жетістіктері, кубок-медальдары, бос уақытында ғылым жолына түсіп, кітапты айнымас досындай көрген кітапқұмар оқушылар мен кітапханашы бұрышы, ұлттық спорт ойындарына қызыққан ойыншылар келушілерді қатты қызықтырды. Оған дәлел: ата-аналардың арнайы әзірленген қорапқа тастаған тілектері мен мектеп ұжымына айтқан алғысы. Шара соңына қарай көптеген ата-ана мектеп директорымен, директор орынбасарларымен, пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілерімен тет-а-тет (бетпе-бет) форматында жүздесіп, өздерін мазалап жүрген, жауабын білгісі келген сан сауал қойып, балаларының оқу үлгерімі, белсенділік деңгейі, оқуда болып жатқан жаңалықтардан хабардар болды. Алдағы уақытта да мұндай іс-шаралар өтіп, ата-аналармен байланыс арнасы кеңейіп, өзінің өміршеңдігін танытпақ.





Директорға сұрақ қою