Меню KDT

"Әлкей Марғұлан" атындағы №40 мектеп-лицей


 

Kazakh
Директорға сұрақ қою

Мұражай


Хаттар сыр шертеді

Әлкей Марғұлан көзі тірісінде көптеген қоғам қайраткерлері, ақын- жазушылар, ғалымдар  және қарапайым халық өкілдерімен хат жазысып, байланыста болған. Олардың бәрі де ғалымның  қарапайым мінезі мен адамгершілік қасиетін, баладай аңғалдығын  құрмет еткен.

Солардың  ішінде  қазақтың  атақты  қолбасшы батыры, Ұлы  Отан  соғысы  ардагері  Бауыржан  Момышұлының  ғалымға жазған хаты да бар.

Бұл хаттың  көшірмесі  музей мүшелерінің іздестіруі жәтижесінде музей қорына келіп түсті. Әлкей  Марғұлан мен Бауыржан  Момышұлының бірге түскен суреттерінің  көшірмесіде музейде сақталуда.

(Музей жетекшісі Байдрахманова С.Ж)

Батыр атамыз ғалымға төмендегі жолдарды  жолдаған екен:

Ардақты Әлеке!

Сіз нағыз ғылыми адамсыз. Сізді құдай ғылым үшін жаратқан. Мен қателессем, құдайдың өз обалы өзіне.

Сіздің еңбектеріңіз тарихи мөлшерде кең өрісті. Мен өзім де этнографпын. Мен Сіздің ініңізбін, шәкіртіңізбін. Мүмкін, мен Сізге толығымен түсінбеген шығармын. Бірақ та менің ұлдарым, қыздарым, немерелерім, Сізді, Сіздің еңбектеріңізді менен артық қадірлеуге күмәным жоқ.

Сау болыңыз! Тарих үшін, халқыңыз үшін еңбегіңіз өркендеп өсе берсін!

Інілік сәлеммен ақ ниетті Бауыржан Момышұлы.

 27/ҮІ-64ж


Әлихан Бөкейханов және Әлкей Марғұланның 1926 жылы түскен суреті музейіміздегі құнды жәдігерлердің бірі болып саналады. Суреттің тарихын Самат Өтениязұлының «Арманда өткен Әлкей ата» мақаласынан тапқандаймын.

Самат Өтениязұлының «Арманда өткен Әлкей ата» Қазақ тарихы, 1994 ж, №2, 10 - 17 беттерінде Әлкей Марғұлан жайында және ол кісінің айтқан әңгімелері туралы жазған. Әлкей Марғұлан адайлардың Әлихан Бөкейхановты ас құрметтеп тік тұрып қарсы алғандығы жайында айтады. Адайлар Әлихан Бөкейхановтың халқының алдындағы қызметін біліп, аса жоғары дәрежеде құрметтеген. Әлкей Марғұлан былай дейді: «Адайлар Бөкейхановты тай сойып қарсы алып керемет құрметтейді. Сондықтан мен Маңғыстау елінің игі жақсыларына өмір бойы ырза болып өтемін. Елдігін, қонақжайлығы және ақсақалдардың адамшылығы мен қадірменділігіне ерекше бас идім» деген екен.

Әлкей Хақанұлы Марғұлан 1926 — 1927 жылдары ол СССР Ғылым академиясының одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі Ерекше комитеті академик А. Е. Ферсманның және профессор С.И. Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай экспедицияларының жұмысына қатысқан.

Ә. Марғұланның қазақ мәдениеті мен тұрмысын, әдет - ғұрпын, салт - санасын жетік білетіндігі экспедицияның антропологиялық отрядының жұмысына өлшеусіз септігін тигізген. Экспедиция барысында ол Әлихан Бөкейхановпен тығыз қарым - қатынас орнатып, бiрлесiп қызмет жасаған.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Карл Байпақов Әлкей Марғұлан жайында былай дейді: «Студент кезінен - ақ Брезнов, Миллер, Руденко секілді көрнекті ғалымдармен бірге экспедицияға шығады. Бұл археологтар Алтай мен Қазақстанда қазу жұмыстарын жүргізіп, этнографиялық зерттеулер жасайды. Марғұлан адайлар мен наймандар туралы аса қызықты екі мақаласын студент кезінде - ақ жазған. Сол кездің өзінде Брезнов пен Руденко қатарларында студент Әлкей Марғұлан болмағанда бұл экспедициялар орасан зор жетістікке жетпеген болар еді».

«Әлкей Марғұлан музейі» жетекшісі Байдрахманова Сәуле Жұмабекқызы.


Ұлағатты ұстаз

Қамаш Сейтжанқызы 1946 жылы бұрынғы Ақмола облысы Целиноград ауданы Киров совхозында дүниеге келді.

“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға”, - деп Абай айтқандай жалықпай бүкіл саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған аяулы жандардың бірі – Қамаш Сейітжанқызы Мақанова.

1954 жылы Киров совхозының орталау мектебінің бірінші сыныбына барды.

1961 жылы аталған мектепті бітіріп, Целиноград педагогикалық училищесіне оқуға түсті.

 1965 жылы оқу орынын бітірген соң, жолдамамен ауыл мектебіне аттанды. Еңбек жолын Қорғалжын ауданы Калинин совхозының орталау мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Бастауыш сынып әдістемесін жетік меңгерген жас маман оқушыларымен, ата-аналарымен тез тіл табыса білді. 1968 жылы тұрмысқа шығуына байланысты Целиноград қаласына ауысты. Кеңестік жүйенің дүрілдеп тұрған заманында қазағынан басқа ұлт өкілдері басым қалада жұмыс табу оңай болмады. Ол кезде Целиноград қаласында жалғыз ғана қазақ мектебі болды. Сол себепті де еріксіз балабақшада жұмыс істеуге тура келді.

1990 жылы өзінің туған жеріндегі  Киров орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа ауысты. Кеңестік жүйенің іргесі сөгіле бастап, қайта құру басталған кезде Қамаш Сейітжанқызы қазақ тілі пәнінің оқытылуы мен қазақ мектептерін ашу керек жөніндегі мәселені көтеріп, ата-аналар арасында насихат жұмыстарын жүргізді. Ата-аналар мен қоғамдық ұйымдар арасында жүргізген қажырлы еңбегі еш болмады. 1997 жылғы 13 тамыздағы Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің шешімімен Көкталда тұңғыш қазақ мектебі ашылды. Қамаш Сейітжанқызы осы мектептің директоры болып тағайындалды. Мектеп ашылғанымен, алғашында оның проблемасы да өте көп болды. Мектептің материалдық базасының жабдықталуы, білікті кадрлардың аздығы, қазақ тіліне үрке қарап, оның болашағына сенімсіздік танытқан ата-аналарға сөз болды. Ерінбей, талмай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қ.Сейітжанқызы қиындықтарды жеңе білді. Кейіннен бұл мектеп Көктал орта мектебі деп аталып, 2000 жылы Астана қаласының № 40 орта мектебі болып өзгертілді.

Қамаш Сейітжанқызы 2005 жылы зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты, құрметті демалысқа шықты. Ұстаз шеберлігінің шыңы да сол болар, оқушылары мен ата-аналары және жас ұстаздар Қамаш Сейтжанқызын әрдайым сыйлап, ақыл-кеңестерін алып отырады. Халыққа білім беру ісінің үздігі, білікті маман, ұлағатты ұстаз.


Ұстаздың жолы ұлылық – шәкірті жүрер ұғынып

Мектебіміздің тұңғыш директоры Мақанова Қамаш Сейтжанқызымен кездесу ұйымдастырылды.

Ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Әр дәуірдің өсіп-өркендеуіне адал еңбек еткен адам ғана қайраткер. Әркез халық мүддесін өзінің қара басының мүддесінен жоғары қойған, халықтың қорғаны болған және ұлт мүддесі үшін күресе білген адам ғана қайраткер» деген қанатты қағидасы Қамаш Сейтжанқызына арналып айтылғандай.

Білімі мен тәжірибені ұштастырып,  көшбасшы бола білген  Қамаш Сейтжанқызы Көктал кентінде ата-аналар мен қоғамдық ұйымдар арасында жүргізген қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1997 жылғы 13 тамыздағы Ақмола облысы  Целиноград ауданы әкімінің шешімімен Көкталда тұңғыш қазақ мектебі ашылды. Қамаш Сейітжанқызы осы мектептің директоры болып тағайындалған.

Осындай ұлы тұлғамен өткізілген кездесуге өзімен бірге жұмыс жасаған ұстаздар мен түлектері келіп алғыстарын айтты. Қызықты күндерді еске алды.


 

МАРҒҰЛАН ӨШПЕС ЖАРЫҚ КҮН

Даланы шарлаған, тау барған,

Қырлардың қыртысын аударған.

Қираған құмыраға жұққан шаңдардан,

Өлген қалалар сырын аңғарған - археолог Әлкей Марғұланның туған күніне орай Жас ұлан ұйымы бастауыш сынып оқушыларына музейді таныстырып, жас бүлдіршіндердің санасына Әлкей Марғұландай ғұлама туралы ізгі ойлар, жақсы ақпараттарды сіңірді.

Ә.Марғұлан музейін оқушыларға таныстыру.


 

 

ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН МУЗЕЙІ – ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

 

Бүгін, 11 мамыр күні Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде Әлкей Хақанұлы Марғұланның туған күніне орай мектеп музейінде «Әлкей Марғұлан музейі – тәрбиенің қайнар бұлағы» атты 4-сынып оқушыларына экскурсия болып өтті. Бұл экскурсияны өткізудегі басты мақсат – мемориальдық музей арқылы жас ұрпақтың бойында академик Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылық қызметін насихаттап, рухани-ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Экскурсия барысында музей меңгерушісі Сауле Жұмабекқызы музей құндылығы мен ерекшеліктері, мұражай жұмысының негізгі бағыттары, «Әлкей Марғұлан ізімен» атты туристік-өлкетану экспедициясының жүргізілуімен таныстырып өтті. Сондай-ақ, музейдің ашылу тарихы, жәдігерлерді жинақтау жұмыстары туралы да айтып өтті. Мектебіміздің оқушылары да қатысып, ғалым туралы оқыған, білген ақпараттарымен бөлісіп, ойларын ортаға салды.

 



 


 


11 МАМЫР - АКАДЕМИК ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ ТУҒАН КҮНІ

 

2022 жылдың 11 мамыр күні Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектеп-лицейінде халқымыздың тарихын, мәдени шежіресін жалықпай зерттеп, том-том бағалы кітаптар жариялап, білім қорының молаюына ықпал жасаған кемеңгерлердің бірі – АКАДЕМИК ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ туған күніне орай «ТҰЛҒА, ТАҒДЫР, ТАҒЫЛЫМ» атты салтанатты жиын болып өтті. Салтанатты жиын ҚР Мемлекеттік гимнімен басталып, еске алу рәсімінің бір минуттық үнсіздігімен жалғасты. Жиында мектеп бітіруші түлектеріміз ғалымның өмірбаянын, ғылымда өшпес өнегелі із қалдырған дана ойшылдар, білімпаз қайраткерлердің Әлкей Хақанұлы Марғұлан туралы айтқан пікірлерін, өлеңдерін жатқа оқып, Әлкей Марғұлан есімін иеленіп отырған білім ошағы оқушыларының жадында ғалымға деген құрмет мәңгі ұмытылмайтындарын сөзге тиек етті. Жиын кемеңгер тұлға Әлкей Марғұланның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен жалғасты. Гүл шоғын қою мәртебесі «Алтын белгі» үміткері, математика, география пәндерінен өткен аудандық, қалалық олимпиада жеңімпазы Мейрамұлы Ерсайын мен үздік оқушы, Сұлтанғазин олимпиадасының ІІІ орын иегері Амантаева Жансаяға берілді. Мектеп директоры Базыл Жанкелді Сағынтайұлы ұстаздарды, оқушыларды құттықтап, ғалым мұрасын насихаттау әрбір мектеп оқушысының парызы екендігін айтып, алдағы білім сынақтарынан сүрінбей өтіп, Әлкей ата сияқты білімге құштар, ізденімпаз азамат болуларына тілектес екендігін жеткізді. Кеш соңы Ербол Ісләмұлының сөзіне, Жұмағазы Кәкімжановтың әніне жазылған мектебіміздің гимні «Марғұлан маршымен» аяқталды. МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚЫМБАТТЫ МАРҒҰЛАН ҰЖЫМЫ!


 

КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒА

Әлкей Хақанұлы Марғұланның туған күніне орай ұйымдастырылған шаралардың бірі, ғалым туралы айтылған ой-пікірлер шоғыры мектебіміздің 6-сынып оқушылары тарапынан әдеби монтаж ретінде ел назарына ұсынылды. Халық тарихында оның мәдениеті мен ғылымында өшпес өнегелі із қалдырған дана ойшылдар, білімпаз қайраткерлер, қашан да сол халықтың өзімен мәңгі бірге жасайды демекші, академик Әлкей Марғұлан туралы айтқан пікірлері қашанда ел аузында.

Аталған шараны ұйымдастырған информатика кафедрасы.

 

 

 

 

 

2022 жылдың 4 мамыр күні Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектеп-лицейінде ғұлама ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның туған күніне орай «Археология – адамзаттың тарихи таңбасы» атты кездесу тарихшы, археолог Ұлан Үмбетқалиұлымен болып өтті. Кездесуде Еуразия ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмбетқалиұлы оқушыларға халықтың рухани, тарихи мұралары туралы кеңінен түсіндіріп, археология саласындағы зерттеу жұмыстары туралы қызықты деректермен бөлісті. Кездесуде оқушыларымыз Ұлан Үмбетқалиұлына архология әлемі туралы бірнеше сұрақтар қойып, көкейлерінде жүрген сұрақтардың жауабын алды. Кеш соңында мектебіміздің дарынды, өнерлі оқушылары патриоттық әндерін шыққап, Ғафу Қайырбековтың Әлкей Марғұлан туралы жазған өлеңін жатқа оқыды. Археология әлеміне археологиялық, тарихи жаңалық ашып, кейінгі ұрпаққа, әлемдік ғылымға мұра етіп қалдырған тұлға Әлкей Хақанұлы Марғұланның еңбектері ұрпақ санасынан өшпек емес.




 

Академик Әлкей Марғұлан музейі

Әлкей Марғұлан – ғылым әлемінде Қазақстан ғалымдарының ғана емес, әлемдік ғылым тарихында сирек кездесетін қайраткерлерінің бірі. Әдетте, ғылыми зерттеу ісіне ғалымдардың көпшілігі, өздерінің табиғи бейімділігіне қарай, ғылымның бір ғана саласына маман болады. Әлкей Марғұлан ғылымның сан алуан саласында жан-жақты терең зерттеу ісімен шұғылданып, жемісті еңбек етті. Ол – әрі этнограф, әрі археолог, әрі тарихшы, әрі лингвист, әрі әдебиетші-филолог және фольклорист.

2004 жылы ЮНЕСКО көлемінде қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Хақанұлы Марғұланның 100 жылдық мерейтойы аталып өтуіне орай республика бойынша көптеген ауқымды іс-шаралар жүргізілді. Солардың бірі -  Қазақстан Республикасы  Үкіметінің 2005 жылғы 5 шілдедегі № 690 қаулысымен  мектебімізге ұлы ғалым есімінің берілуі.  Мектебіміз  2005 жылғы  29 желтоқсандағы  Астана қаласы әкімінің №22-4-1132 қаулысымен «Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектеп» мемлекеттік мекемесі болып аталды.

2006 жылы 11 мамырда Академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан атындағы мемориалдық музейі – ғалымның өмірі мен шығармашылық қызметі арқылы жас ұрпақтың бойында рухани ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында  ұйымдастырылып ашылды. Ашылу салтанатына Білім және ғылым министрлігінің өкілі  Ж.Жүкенов. Астана қаласы Білім басқармасы бастығы Әсима Бимендина, Дәнел Әлкейқызы,  сәулетші Серік Рүстембеков, шәкірттері Рымғали Нұрғалиұлы, Мырзатай Жолдасбеов, жазушы Бақытжан Тобаяқов қатысты.

Музейді ашу жұмысына мектебіміздің барлық ұстаздары үлес қосты. Арнайы құралған Марғұлан қорына өздерінің жалақыларын өткізді және ғалым өміріне байланысты деректер жинап, музейдің жұмыстарына ұсыныстарын берді. Музейдің барлық талаптарға сай болып ашылуына академик Серік Рүстембековтің еңбегі өлшеусіз. Серік ағамызға оқушылар мен ұстаздар қауымы атынан зор алғыс білдіреміз.

Мектеп музейінің құндылығы ғалымның өзі ұстаған заттарының бүгінде музей жәдігеріне айналғандығында.  Әлкей Хақанұлының қызы Дәнел Әлкейқызы мектеп музейіне Әлкей атаның киген киімдері – бас киімі, өрнектелген тақиясы, қыста мойнына салған шарфы, құран кітабы,  археологиялық экспедицияда киген киімдері мен чемоданы, пайдаланған заттары және домбырасы, отырған диваны, жазу үстелі, жазу машинкасы, кітап сөресі, ғалым жазған кітаптар, құжаттар көшірмесі, шәкірттерінің естелік кітаптарын және тағы басқа заттарын табыс етті.

Академик Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылық қызметі арқылы жан-жақты дамыған толерантты тұлға қалыптастыру мақсатында негізгі бес бағытта:

  • Әлкей Марғұлан және филология
  • Әлкей Марғұлан және этнография
  • Әлкей Марғұлан және Шоқантану
  • Әлкей Марғұлан және археология
  • Әлкей Марғұлан және тарих саласы бойынша жұмыс жүргізіледі.

Музейге келушілер археология, этнография, Шоқантану, тарих, әдебиеттану, өнертану салалары бойынша аянбай еңбек еткен ғалымның шығармашылығымен таныса алады.

2006 жылы 11 мамыр. Әлкей Марғұлан мемориалдық музейінің ашылу салтанаты.

Суретте: (солдан оңға қарай) Астана қаласы Білім басқармасы бастығы Әсима Бимендина, Дәнел Әлкейқызы,  сәулетші Серік Рүстембеков, шәкірттері Рымғали Нұрғалиұлы, жазушы Бақытжан Тобаяқов, Білім және ғылым министрлігінің өкілі  Ж.Жүкенов

 





Директорға сұрақ қою